Антикор Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D модельдерін құру» жобасын іске асыру кезінде Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр" - делінген хабарламада.
Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төлеген. Сонымен қатар жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстарының нақты құны 83,4 млн теңгені құрағаны анықталды.
Осылайша, жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірген.
Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайды.