Фото: wikipedia.org
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаев жемқорлық дерегі бойынша ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"9 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу шеңберінде жемқорлық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен құқық қорғау органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Марат Қожабаевты ұстады. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жарияланбайды", - делінген хабарламада.
Мақсат Қожабаев 2021 жылы шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары болып тағайындалған еді. Ал оған дейін Қожабаев Шымкент прокуроры қызметін атқарған.
Сондай-ақ, ол әр жылдары Шымкент, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары прокуратураларында прокурор болып жұмыс істеді. 2012-2014 жылдары Қызылорда облысында қаржы полициясының бастығы болды, 2014-2016 жылдары Жамбыл облысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментін басқарды. Кейін Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментті басқарды. 2017-2018 жылдары Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.