18 мам, 2023 сағат 10:38

Антикор Кентаудың экс-әкіміне қатысты тергеуді аяқтады

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Антикоррупциялық қызмет Кентау қаласының экс-әкіміне қатысты тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ол 2013 жылы премьер-министр кеңсесінің қызметкері бола отырып, ірі жекеменшік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірген. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде береді.

"Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсады. Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылған. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды.

"Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі", - делінген Антикор мәліметінде.