08 қыр, 2022 сағат 14:30

Антикор Гүлмира Сатыбалды ісіне қатысты жаңа деректерді жариялады


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тергеу барысы туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға, оның бақылауындағы "Ария-Жаңа Астана" ЖШС компаниясының басшылығына және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты нысандарды салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.

Бірнеше нысан бойынша іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстарына ақы төлеу нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілді. Тергеу сатысында қабылданған шаралар бойынша, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру деректері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Жәбірленушілерге келтірілген залалдың алдын ала сомасы 6,6 миллиард теңгеден асады. Күдікті адамдар күзетпен ұсталған. Тергеу жалғасып жатыр.