23 қаз, 2023 сағат 14:25

Экс-министр Марат Бекетаев ұсталды

© Photo: Орталық коммуникациялар қызметі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Антикоррупциялық қызмет Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде экс-әділет министрін лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша ұстады.

Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді" - делінген хабарламада.

Агенттік мәліметінше, активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.