Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана Банкі» АҚ-ның бұрынғы ірі акционері Олжас Тоқтаров пен басқа тұлғаларға қатысты банк активтерін заңсыз иеліктен шығару арқылы аса ірі көлемде қаражат жымқыру ісін тергеп жатыр. Атап айтқанда, жалған агенттік қызмет көрсету және бақылауындағы «SKK Tennasy Group» ЖШС пайдасына Алматы қаласындағы Қобдолов көшесі, 22 «Б» мекенжайындағы бизнес-орталық ғимаратының заңсыз сатылып алынуы тексерілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тергеу барысында күдікті О. Тоқтаровтың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігіне сәйкес бағаланды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 208-бабына сәйкес күдікті жауап алуға шақырылуы тиіс.
Алайда, Тоқтаровтың елден тыс жерде болуы және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оны БАҚ арқылы шақыру туралы жариялады.
О. Тоқтаров 2024 жылдың 26 қыркүйегінде сағат 11:00-де Астана қаласындағы Қабанбай батыр даңғылы, 19 мекенжайында орналасқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ғимаратына келуі тиіс.
Күдікті қорғаушыны өзі шақыра алады немесе органның қорғаушыны қамтамасыз етуін сұрауға құқылы. Егер қорғаушы шақырылмаса, оны қылмыстық іс жүргізуші орган қамтамасыз етеді.