13 нау, 2020 сағат 18:33

Анкарада Мағжан Жұмабаевтың шығармалары ұлықталды

Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің және ЭкоЕуразия қауымдастығының ұйымдастыруымен «Мағжан Жұмабаев - Түркістаннан Анадолуға» атты жиын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақcтанның табиғи көркемдігін суреттейтін көрмемен басталған аталмыш шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, бұрынғы премьер-министрдің орынбасары Йылдырым Туғрул Түркеш, Кечиорен муниципалитетінің мэрі Тұрғыт Алтынок, Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті өкілетті кеңесінің төрағасы профессор Мұса Йылдыз, ЭкоЕуразия төрағасы Хикмет Эрен, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу және ақын-жазушы Әли Акбаш, Анкара Хаджы Байрам Уәли университетінің оқытушысы профессор Хулия Хасапоғлу Ченгел, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара ЭкоЕуразия қауымдастығының төрағасы Хикмет Ереннің алғы сөзімен ашылды. Хикмет Ерен Мағжан шығармаларындағы ойлардың маңыздылығын және қазіргі таңдағы да өзектілігін атап өтті. Өз сөзінде, Алаш қозғалысының қайраткері, қазақтың ұлы зиялысы, түркі әлеміне ортақ ақын, Түркістанның көрнекті өкілі саналатын ақын Мағжанның ондаған жыл бойы қуғында және түрмелерде өмір сүруге мәжбүр болғандығын атай отырып, оның шығармалары мен ойлары мәңгі есте сақталатындығын атап өтті. Хикмет Ерен, Мағжанның түркі халықтарының тегі бір тұтастығы мен бірлігі туралы ойларының астын сызып, сөзін Зия Гокәліптің «Отан дегеніміз түріктерге Түркия емес, Түркістан емес отанымыз, байтақ және бірге мәңгі өмір сүретін еліміз ол – Тұран» деп жалғастырды. 

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы қазақ халқының көрнекті өкілі, мемлекеттік қайраткер, жарық жұлдыз-ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан», «Алыстағы бауырыма», «Жер жүзінде», «Пайғамбар» өлеңдеріне назар аудара отырып, түркі халықтарының тегі бір тұтастығы мен бірлігін жалынды жүрегімен жырлаған тұлға екендігін атап өтті. 

«Ұлт жүрегінің символы іспетті Мағжанның ойы да, сөзі де, оттай маздаған, қорғасыннан құйғандай кесек-кесек» деп, ақынның «Біз айтып жүрген шығармашыл интеллигенцияға шындық пен турашылдық жетпейді, ал шындық пен ақиқат болмаған жерде, еркіндік пен тәуелсіздік болмайды. Біз жалған дүниені өзіміз жазғанымызбен қоймай, жұртты соған үйретіп жатырмыз. Жалған нәрсе жарға жығады, өтірік ешкімге абырой әпермейді. Ең қауіптісі – арсыздық. Егер ұлттың ар-ожданы сақталса, ондай халық пен ұлтқа мына әлемде ешқандай да қауіп төнбейді» сөзін мысалға келтірді. Сондай-ақ, Қазақстан Елшісі ақынның өлең жолдарындағы философиялық-психологиялық сипаттарға кемелдігімен өзгешеленетіндігін баса айтты. «Түрік баласы өзінің ата-бабасын білген сайын үлкен істерге күш салады» деп Ататүріктің сөзінен үзінді айтқан Елші, түркі халықтарының бірлігі үшін жанын пида еткен тұлғаның түрік елінде де кеңінен таныстырылуы керек екендігіне тоқтала отырып, «Мағжан қаламымен түркі халықтарын бір шаңырақ астына жинады», деді Елші А.Сапарбекұлы.

 

Аталмыш шара Түрік тілі ұйымы ғылыми комитетінің мүшесі, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің аға оқытушысы, профессор Хулия Касапоғлу Ченгелдің Мағжан Жұмабаевқа арналған кең көлемді баяндама жасады. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанда рухани құндылықтарымыздың қайта жанданып келе жатқандығына тоқталып, қазіргі қазақ әдебиетіндегі лиризм және де бұл ағымның Мағжан Жұмабаевпен басталғандығын атап өтті. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхан бастатқан Алаш қозғалысының маңыздылығы туралы сөз қозғады. Мағжанның Алаш қозғалысының қайраткері ретінде, қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескендігін тілге тиек етті. Хулия Касапоғлу Ченгель Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінің ерекшелігіне тоқталды. Баяндамасында, Мағжан мен түрік ақындарының өлеңдерін салыстырып, ұқсастықтарына талдау жасады. 

Бағдарлама соңында қазақ және түрік жастары ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шарадан кейін ұлы ақын Мағжанның өлең-шығармаларын түрік тіліне аударған ақын Әли Акбаш шығарған «Алыстағы бауырыма» кітабы автор қолтаңбасымен таратылды.