27 қаз, 2021 сағат 18:12

Ангела Меркель канцлер қызметін ресми түрде аяқтады


2005 жылғы қарашадан Германия канцлері қызметін атқарған Ангела Меркель үкімет басшысы құзыретін ресми түрде аяқтады.

26 қазанда президент Франк-Вальтер Штайнмайер Меркель мен оның кеңсесінің мүшелеріне құзіреті аяқталғанын растайтын ресми грамоталар тапсырды, деп хабарлайды "Неміс толқыны". Штайнмайер Меркельдің үкімет басқарған жылдарын ел тарихындағы елеулі оқиға деп атады.

Енді Конституцияға сәйкес, Меркель және үкіметтің басқа да мүшелері, Германияда жаңа үкімет жасақталғанша, міндетті атқарушы болып істейді.

Германияда парламент сайлауы 26 қыркүйекте өтті. Сайлауда Олаф Шольц бастаған социал-демократтар партиясы жеңіске жетті. Меркельдің партиялар одағы екінші орын алды. Үкімет жасақтау жөніндегі келіссөздерге социал-демократтар, "Жасылдар" және Германияның еркін демократиялық партиясы қатысып жатыр.