Алматы хайуанаттар бағында соңғы 10 жылда жануарлардың үштен бір бөлігі қырылған
Жыл басынан бері Алматы хайуанаттар бағында 20 жануар өлген. Тағы 12 хайуанның жағдайы мүшкіл. Кеселге шалдыққан жануарлардың тізімі мен диагнозы зообақтың ресми сайтында жарияланды. Олардың қатарында сирек кездесетін амур жолбарысы, қасқыр, явандық макака, капибара мен пони да бар. Көздің қарашығындай қорғалуы тиіс аңдардың жаппай өліп жатқаны, хайуандар арасында ауру-сырқаудың жиілеуі, төлдеу түйткілдерінің көбеюі алаңдатарлық. Бұлай жалғаса берсе, келер жылы 80 жылдығын тойлайтын зообақ кешегі жақсы атынан түбегейлі айрылатын түрі бар.
Гепард, керік және өлекшіннің өлімі
Алматы зообағы аңдардың бағы емес, сорына айналғандай. Күні кеше ғана Чита есімді жалғыз гепард өлді. Мамандардың айтуынша, жыртқыш аң 3 жылдан бері ауырған. Ветеринарлар осы күнге дейін оның ем-домын жасап келген. Ал қазанның басында Мелман есімді екі жасар керік арам қатты. Зообақ қызметкерлері жануардың еш ауырмағанын, денсаулығында кінәрат болмағанын алға тартты. Хайуанаттар бағының баспасөз хатшысы Тоқтар Әлиев хайуанды келген қонақтардың немесе қызметкерлердің бірі әдейі улауы мүмкін екенін айтады. Кейіннен сараптама жұмыстары аяқталғанда керіктің өліміне ми ісігі себеп болған деген ақпарат таратылды. Әзірге хайуанаттар бағының тек 60 пайызы ғана бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Арнайы құрылғының бақылауына алынбаған аумақтардағы жануарлардың торына біреу-міреу қауіпті зат лақтырып кетсе де, анықтау қиын. Сондықтан зообақ аумағына бір айдың ішінде қосымша 120 камера ортатылмақшы. Алайда мұнымен хайуанатар бағының жұмысына наразылық танытқан табиғат жанашырларларының көңілі орнығады дегенге сену қиын.
Бұған дейін Алматы жұртшылығын зообақтағы Құралай есімді өлекшіннің өлімі шулатқан болатын. 6 жасар аңның сырқаты 4 айға созылған. Оның бетін бері қарату үшін хайуанаттар бағының басшылығы еліміздің ең білікті деген 12 ветеринарын жинады, Мәскеу зообағының бас дәрігерін де алдыртты. Тіпті, жануардың жағдайы қиындай берген соң зообақ директоры Қанат Кәрімов бақсы-балгерлердің көмегіне жүгінген көрінеді. Рас-өтірігі беймәлім, бұл – сaravan.kz порталына анонимді сұхбат берген зообақ қызметкерінің сөзі. Шамасы, дәрігерлерден қайран болмаған соң, директор мырза тылсым күштерден нәтиже болар деп ойласа керек. Бірақ пневмонияға шалдыққан Құралайды ешкім құтқара алмады. Мәскеу зообағының бас дәрігері Михаил Альшинецкий жолбарыстың рентген суреттері мен анализ қорытындыларын қарап шыққаннан кейін хайуанның жанын қинамай, эвтаназия жасау дұрыс деп кеңес берген. «Жолбарысты толық тексерістен өткізгеннен кейін жаны қиналып жатқанына көзім жетті. Әбден азып-тозып, құр сүйегі қалған. Тамақ салынған ыдысы мүлдем түртілмейді. Тамақ ішпек түгілі тыныс алуға қиналады. Беті бері қарамайтыны анық еді. Сондықтан мұндай жағдайда эвтаназиядан басқа жол жоқ», – депті дәрігер тексерістен соң. Алайда зообақ басшылығы оның сөзіне құлақ аса қоймаған.
Құралайды емдеуге шақыртылған отандық мал дәрігерлерінің бірі Kazakhstan Today порталының редакциясына жолдаған хатында хайуанаттар бағындағы сол жайсыз оқиғаның мән-жайын жасырмай айтып берген болатын. «Биылғы жылдың наурыз айында мені ветеринар ретінде Алматы хайуанаттар бағына жұмысқа шақырды. Ондағы мақсат – дерті асқынған Құралай атты жолбарысқа медициналық көмек көрсету. Үй жануарларымен жұмыс істеуде тәжірибем мол болғандықтан әрі Қазақстанда ғана емес, Қырғызстанда да жыртқыш мысықтұқымдастарды емдеу ісімен айналысып жүргендіктен менің біліктілігіме сенген болар. Алайда Иван Сливицкий деген біреу ем-дом жүргізуге кедергі келтіріп, өзінің нұсқауын орындауды талап етті. Ветеринарлық білімі болмаса да, ешкім оның ақыл-кеңесін сұрамаса да, жұмысқа араласа берді. Өйткені қамқорлық кеңесінің өкімі бойынша оның емдеу ісіне қатысуы міндеттелген. Маған және зообақ басшылығына қысым көрсетілгендіктен, жолбарыстың ем-домы жүйесіз, 3-4 күн үзіліспен жүргізілді», – дейді ветеринар. Мұның ақыры неге әкеліп соққаны көпшілікке мәлім. Өлекшіннің өліміне ешкім аса таңғала қойған жоқ. Өйткені оған дейін 8 жыл ішінде 6 қар барысы өлген Алматы зообағының «жануар жұтқыш» деген атағы ел арасында кең тарап үлгерген.
Ізі жоғалған ілбістер
Жабайы табиғатта өте сирек кездесетін қар барысы (ілбіс) – тұқымы құрып бара жатқан жыртқыш аңдардың бірі. Ол негізінен Қазақстан мен Орталық Азияның таулы аймақтарында ғана кездеседі. Еліміздегі қар барысының саны бейресми деректер бойынша 200-ге де жетпейді. Ал соңғы 8 жылда Алматы зообағының дәл осындай 6 жыртқышты өлтіріп алуы – табиғат үшін орны толмас шығын.
Мекеме директорының орынбасары Ағыбай Әжібаевтың айтуынша, қар барыстары зообаққа Жапония, Польша, Франция және Қырғызстаннан сыйға тартылған. «Жапониядан келген Майя есімді ілбіс 2009 жылы өкпе қабынуынан, Польшадан әкелінген Артос 2008 жылы өзге аурудан мертікті. Франциядан әкелінген Арилан атты ұрғашы барыс 2013 жылы өлді. Біздің зообақта үш жыл өмір сүрді. Тұқымын көбейту үшін қолдан келгенін жасап көрдік, бірақ нәтижесіз. Ал 2012 жылы Қырғызстаннан Лидер мен Пират атты еркек барыстар әкелінді. 2014 жылы екеуі де мертікті: бірі қарашада, екіншісі шілдеде», – дейді Әжібаев.
Сондай-ақ, хайуанаттар бағында Снежанна атты ұрғашы ілбіс болған. Ол да ұзақ өмір сүрмеген. Хайуанаттар бағы басшылығының айтуынша, ілбістердің өліміне олар мекендеген аумақтың тіршілік үшін қолайсыздығы себеп болған. «Хайуанаттар бағындағы ілбістер мекендейтін қоршау күн түспейтін жерде орналасқан. Бұл жер өзенге жақын, яғни жыл он екі ай дымқыл болып тұрады. Оның үстіне, ағаштардың көптігінен үнемі көлеңке, күн түспейді. Соның салдарынан қар барыстары жаппай өкпе дертіне шалдыққан», – деді зообақ директорының орынбасары. Ағыбай Әжібаев барыстарға қолайсыз жағдайды мекеменің бұрынғы басшылары жасады дегенді алға тартты. Хайуанаттар бағының басшылық құрамы 2010 жылы ауысқан. Ал ілбістерге арналған қоршаулар оған дейін салынды дейді ол.
Бұл – барыстар өліміне қатысты ресми пікір. Ел арасында ресми емес пікірлер мен болжамдар да жетерлік. Әсіресе, ілбістердің қарақшылар қолында кеткені, олардың бағалы терісі коллекционерлердің жеке топтамасын толықтырғаны жайлы алыпқашпа әңгіме көп. Қызыл кітапқа енген аңның терісі «Юрта» мейрамханасында ілулі тұрғанын көргендердің бірі оны суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған соң бұл мәселе төңірегіндегі дау тіпті үдеді. «Көк Төбе» саябағының директоры терінің нағыз аңдікі екенін растады. Оның айтуынша, бұл – мейрамханаға тартылған сыйлық. Алайда оны кім сыйлағанын, қашан сыйлағанын есіне түсіре алмады. Әлеуметтік желіде осы тақырыпты белсенді талқылаған блогерлер аң терісі зообақта өлген барыстардың бірінікі болуы мүмкін деп болжады.
Бұл пікір қоғам тарапынан қарсылыққа ұшырай қойған жоқ. Керісінше, қуаттағандар көп. Табиғат қорғаушыларының айтуынша, барыстардың өлімі зообақ аумағына көз тігіп жүргендердің қасақана ұйымдастырған ісі болуы ғажап емес. Наурыз айында эколог әрі қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов аңдар арасында аурудың, өлімнің жиілеуі хайуанаттар бағын жекешелендіру мәселесі көтерілген уақыттан басталды деді. Оның пікірін «Көкжайлауды қорғаймыз!» қозғалысының белсендісі Абай Ерекенов те қолдады. «Жануарлардың арам қату оқиғасы жерді басып алғысы келетін шенеуніктер мен олардың үстінен қарайтын адамдардың құрған жоспары. Бірінші қадам – зообақ аумағын мемлекет меншігінен қала меншігіне ауыстыру. Екінші қадам – қаржыландыруды қысқарту. Содан соң бизнес-жобаларды сылтаурату арқылы инвесторларды кіргізіп, жерді түбегейлі меншіктеп алмақ», – деді ол.
Шу үдей түскен соң, іске қала басшылығы араласты. Алматы әкімі Бауыржан Байбек зообақтың мемлекет меншігінде қалатынын, жеке қолға берілмейтінін кесіп айтты. «Зообақ ешқандай сенімді басқаруға берілмейді, ол коммуналды меншікте болады. Ондағы жағдай үшін жауап беретін директор бар. Меценаттардың көмегі қабылданады. Бірақ, зообақты жекеменшікке беруге болмайды», – деп әкім мекемені жекешелендіру туралы алыпқашпа әңгімелерге тоқтау салды.
«Қауіпті ауру көбейсе, зообақты жапсын!»
Қар барыстарының із-түссіз жоғалуына байланысты жүргізілген зерттеулерден кейін жануарларды күтіміне дұрыс көңіл бөлмеді және олардың қоршауын әлемдік стандарттар бойынша жабдықтамады деп айыпталған зообақ басшылығы сынның астында қалды. Тексерулер нәтижесінде соңғы он жыл ішінде – 2005 жыл мен 2015 жыл аралығында Алматы зообағындағы жануарлардың үштен бір бөлігі қырылғаны анықталды. 2005 жылы хайуанаттар бағында жануарлардың 523 түрі болса, 2015 жылы олардың саны 345-ке дейін азайған. Яғни, 178 түрі жойылған. Сүтқоректілердің түрі 94-тен 74-ке кемісе, құстардың 100 түрі ізім-ғайым жоғалыпты. Сондай-ақ, 2005 пен 2015 жыл аралығында бауырымен жорғалаушылардың – 24, балықтардың 31 түрі кеміген. Бұл құпия деректер емес, Еуразиялық аймақтық зообақтар мен аквариумдар қауымдастығының сайтында жарияланған мәлімет.
2016 жыл Алматы хайуанаттар бағының тарихында ең көп жануарлар өлімі тіркелген жылдардың бірі ретінде сақталары анық. Алматы зообағына көмек көрсету қорының қамқорлық кеңесінің мүшесі, зообақ жануарлары жөніндегі білікті маман Ангелина Котенконың айтуынша, жағдайдың ушығуына мекеме басшылығына Қанат Кәрімовтың тағайындалуы себеп. Ол әуелі қамқорлық кеңесінің мүшелеріне зообаққа келуге тыйым салған. Мекеме жетекшісінің жүгенсіздігі мұнымен аяқталмапты. «Біз онда жануарлардың өміріне бейжай қарамайтын көп адаммен бірге топ болып барған болатынбыз. Жануарларды чиптеуді қолға алдық, аңдардың кім көрінгенге сатылмауын қадағалап келдік. Хайуанаттар бағында болып жатқан бүгінгі жағдайлар туралы көпке дейін жақ ашқан жоқпыз, енді үндемей қалуға болмайды. Чита атты гепардтың өлімі кездейсоқ емес, қасақана өлтіру. Хайуанның табаны өзінен-өзі сынбайды. Ол панлейкопенияға қалай шалдығып жүр? Неге біз бұл туралы қоғамдық қозғалыс өкілдері барғанда ғана естиміз? Бұл сұмдық!» – дейді ашуға мінген Котенко ханым. Жануарларды қорғаушы бұл алғашқы жағдай емес екенін, бұған дейін керік, капибаралар мен киіктер өлгенін еске салды: «Киіктерді зообаққа мен бар кезде әкелген болатын. Бір жыл өмір сүрді, кенет біреуі шошып өлді. Ол қыстан аман шықты, Жаңа жыл мерекесіндегі отшашулардан шошыған жоқ. Аяқ астынан арам қататындай оны не үркітуі мүмкін? Керіктің өлімі де күмәнді. Бұл жануарды умен өлтіру мүмкін емес, мұны сізге кез келген маман растап бере алады. Денесін жарақаттайтын бірдеңе сұғып алмаса, керік өле қоймайды. Қазір зообаққа барып, ондағы керіктерді санасаңыз, көбісін түгендей алмайсыз», – дейді ол.
Қамқорлық қорының мүшесі зообақтағы кейбір аңдардың тиынға сатылып жатқанына, сондай-ақ, жануарлардың жаңа түрі әкелінуіне алаңдаулы. «Жуырда хайуанаттар бағына гиеналар әкелінгенін естідім. Селекциялық жоспар жасаған адам ретінде, зообаққа қазір жануарларды әкелуге болмайтынын ескерткім келеді. Туристік орталыққа айналуы тиіс нысан осылай құрдымға кетіп бара жатқанына билік неге көз жұмып отыр? Өлген гепардты зообаққа жеткізілген күнінен бастап білемін. Бәлкім тым көңілшек шығармын, оның табаны бөлініп қалды деген хабар төбемнен жай түсіргендей болды. Оның торлы қоршау ішінде өздігінен жарақаттануы мүмкін емес. Адамның әрекеті екені анық», – дейді Ангелина Котенко. Сарапшының айтуынша, зообақ дәрігерлері атап көрсеткен панлейкопения – аса қауіпті ауру. «Егер мұндай аурулар тіркелсе, зообақты жапсын! Онда балалар барады емес пе? Жұқпалы ауру соларға жұқса ше? Мен көшедегі жануарларды құтқарумен айналысамын, бірақ олардың бірде-біреуінің ағзасынан ішекқұрт табылған емес. Ветеринарлардың қорытындысы рас болса, білікті мамандардың қарауындағы гепард ішекқұрт инвазиясын қалай жұқтырған?», – деп наразылығын жеткізді маман.
«Еуропаның аңдары Қазақстандағы адамдардан жақсы өмір сүреді»
Тағы бір алаңдатарлық жайт, хайуанаттар бағындағы кейбір құс түрлері жұмыртқа басуды, кей аңдар төлдеуді қойған. Зообақтан сүйінші хабарлардан гөрі қайғылы оқиғалар туралы хабарлар жиірек таралады. Сондықтан табиғат қорғаушылары кеңестік заманнан қалған зообақтардан арылып, жануарлар ерекше қорғалатын сафари-парктерден үлгі алып, адамға емес, аң-құстарға жайлы жерлерді ойластыру қажеттігін баса айтады. Алматы хайуанаттар бағының келешегі үшін күресіп жүрген А.Котенко ондағы жүгенсіздіктің бәрі директордың салғырттығынан деп есептейді. Егер зообақтағы күдікті жайттар осылай жалғаса беретін болса, Ангелина ханым қамқорлық кеңесінің атынан Мемлекет басшысына хат жазатынын мәлімдеді.
Алайда мекеме басшысы зообақта орын алған келеңсіз жағдайлар өзінің немесе қызметкерлерінің немқұрайлылығынан болды деген пікірді жоққа шығарды. Директордың айтуынша, хайуанаттар бағында өлім-жітімнің, аурудың көбеюіне аумақ пен қаржының аздығы себеп. Жуырда жануарларды қорғау тақырыбында өткен конференцияда ол Алматы зообағындағы аңдарға жасалған қамқорлықты батыс елдерімен салыстырды: «Мысалы, Еуропада норма бойынша, әр ақ аю үшін 700 шаршы метр бөлінеді. Екеу болса, көбею жағдайы қарастырылып, 2100 шаршы метр берілуі тиіс. Сосын онда қар сақталатын құрылғы, теңіздегідей су тұрады. Меніңше, Еуропада жануарлар Қазақстандағы адамдардан жақсырақ өмір сүреді», – деп Кәрімов түйткілдің бәрін қаржыландыру мәселесіне апарып тіреді. Алайда жануарларға қолайлы жағдай жасауға қаржы жоқ деп мұң шағып отырған кәсіпорын 80 жылдықты тойлауға келгенде аянып қалмақ емес. «Зообақ келесі жылы 80 жасқа толады. Қала әкімшілігі бізге имидж компания үшін 57 млн тенге бөліп қойды. Бізге қонақтар келгенде, өзіміздің логотип салынған футболкалар, магнит тастар, күнтізбелер мен қаламсаптарымыз бар болады. Тағы осы қаржыға мерейтойға арналған конференциялар мен кітап шығаруды жоспарлаудамыз», – дейді директор. Демек, зообаққа қазір хайуандардың халінен гөрі тойдың қамы маңыздырақ болып тұр.
Анар ЛЕПЕСОВА
"Түркістан" газеті