Жамбыл облысындағы "Андас батыр" шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбазды туыстары бір айдан астам уақыт бойы іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ұлықбек Бердішовтің анасы Орынкүл Мерекованың айтуынша, ұлының жоғалғанына бір ай бес күн болыпты. Міне, осы уақыттан бері туыстарымен бірге застава маңындағы Андас батыр ауылынан үй жалдап тұруға мәжбүр. Ол - Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғыны.
"Баламның жоғалғанын 2 наурызда білдім. Старшина телефон соғып, өзін Жанболат деп таныстырды. Алдымен Ұлықбек хабарласты ма деп сұрады. Мен иә, екі күн бұрын сөйлестік деп жауап бердім. Кейін телефон тұтқасын қоя салды. Сосын кешке тағы хабарласып, ұлым жоғалып кеткенін айтты. 12 сағат бойы жаңалық күттік, бірақ Ұлықбек келмеді. Күйеуім, қарт әкем және тағы бір туысым таксиге мініп, сол жаққа кетті. Мен де үйде отырып, күте алмадым. Үйде кәмелетке толмаған төрт бала қалды", - дейді Ұлықбектің анасы.
Әйелдің айтуынша, ұлы әскери борышын өтеуге келген бөлімде ол қалай жоғалып кеткенін ешкім білмейді.
"Шарасыздықтан құмалақшыға да бардық, Ұлықбек тірі дейді, "бірақ біреу күшпен ұстап отыр" деді. Әскерилердің, полицияның ешқайсы Ұлықбекті іздеп жатқан жоқ, әйтеуір мен іздеп жатқандарын көргенім жоқ. Күні кеше ғана байқадым, әскери киім киген адамдар оның суреттерін іліп қоя бастады. Сонымен бітті. Осы мәселе бойынша Жамбыл облысының әкіміне бармақ ойым бар. Нәтиже болмаса, Нұр-Сұлтанға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына барамын", - деді Орынкүл Мерекова.
Сондай-ақ, әйелге бөлім командирі Ұлықбекті іздеу жұмыстары тоқтатылғанын айтқан.
"Бізге жарғы бойынша жоғалған адамды 30 күннен аспайтын уақыт іздейтінін айтты. Ұлыма қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мен ешқайда кетпеймін. Ана жүрегім, балам жақын жерде екенін айтты, мен оны іздеймін", - деді ол көзіне жас алып.
Журналист застава басшылығына хабарласып көрді, бірақ телефонды көтермеді.
Еске салайық, Ұлықбек Бердішов 2021 жылдың қыркүйегінде әскерге шақырылып, 2022 жылдың 2 наурызында хабарсыз кеткені хабарланған. Ерекшеліктері: арық денелі, бойы 167 сантиметр, шашы қысқа қара.
676 рет оқылды