Жылдың алғашқы тоқсанында елімізде ана мен бала өлімі күрт азайған. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мұны коронавирус инфекциясының екпіні қайтқанымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясынан жүкті әйелдер көз жұмған болатын. Өйткені жүкті әйелдерде коронавирус ауыр өткен еді. Олардың физиологиялық жағдайы да аурудың кең таралып, жылдам асқынуына себеп болғанын түсініп отырсыздар», - деді Ажар Ғиният Сенат отырысынан кейін өткен брифингіде.
Айтуынша, пандемия кезінде ана өлімі әлем бойынша 3-4 есе артқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегін келтірген министр пандемияға дейін ана өлімі өте аз тіркелетін елдердің өзінде бұл көрсеткіш 3-4 есе өскенін атады. Яғни, жалпы әлемде ана өлімінің артуы коронавируспен байланысты.
«Бұл вирус болғандықтан баласың ба, жассың ба, кәрісің бе, жүкті анасың ба – қарамады. Жап-жас, дені сау адамдар да көз жұмып жатты. Ал жүкті әйелдердің физиологиялық жағдайы инфекцияның тез дамуына ықпал етіп, қайғылы жағдайлардың көбеюіне себепші болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген барлық талдаулар әлемде, соның ішінде Қазақстанда да бұл көрсеткіш былтыр өскенін көрсетеді. Қаңтар айында коронавирус инфекциясының бесінші толқыны болғанына қарамастан, бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш күрт төмендеді. Ана өлімінің өсуі коронавирус инфекциясымен байланысты», - деді министр.
Ажар Ғиният биыл бірінші тоқсанда Қазақстанда ана өлімі күрт азайғанын атап өтті.
«Бірінші тоқсанда Атырау, Павлодар сияқты ана өлімінің көрсеткіші жоғары облыстарда қайғылы жайттар тіркелді. Жалпы бұл қайғылы оқиғалар босандыруға қажет жаңа немесе қымбат техниканың болмауымен байланысты емес. Өлімнің негізгі себептерінің бірі халықтың денсаулығына және перинаталдық орталықтарда немесе перзентханаларда уақтылы көмек алуға немқұрайлы қарайтынымен байланысты.
Жыл сайын мақсатты трансферттер арқылы, республикалық бюджет арқылы әрбір өңірге белгілі бір ақша бөлінеді. Биыл медициналық жабдықтарды сатып алуға 50 млрд теңге жоспарланған. Оның ішінде біз босанатын әйелдерге және балалар ұйымдарына басымдық береміз», - деді Ажар Ғиният.
Оның мәліметінше, соңғы екі жылда перзентханалар мен перинаталдық орталықтардың жабдықталуы 80-90%-ға жеткен.
«Өңірлер бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ техниканың аты – техника. Тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін аппараттар, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары жыл сайын жаңартуды қажет етеді» - деді министр.