Ұлытау ауданындағы, Жошы хан кесенесі маңындағы тарихи орындар көлемді зерттеуді қажет етеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір Қазақстан ерекше кезеңде тұр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өту ғана емес, өз тарихымыздың жаңа парақшаларын ашып жатырмыз. Әрине, 30 жылда көптеген дүниелерді бірден шығару қиын болды, ол мүмкін де емес шығар. Бірақ, негізінен әр қадам алға жылжыған сайын өз тарихымызды кеңінен, ашық қарап жатқанымыз өте дұрыс. Алтын Орданың негізі қаланғанын, биік деңгейде болғанын дүниежүзіне біз шығармасақ, кім шығарады? Жақында Алтын Орданың астанасы болған Сарайшықта үлкен жиын өтті. Ал оның негізі қаланған жері – Ұлытау. Ұлытау – ерекше мекен.
Әмір Темір Самарқаннан, мыңдаған шақырым жерден Ұлытауға арнайы келіп, Алтыншоқы деген төбе орнатқан. 300 мың әскеріне бір-бір тастан қалауды бұйырған. Содан қалған Алтыншоқы төбесі әлі бар. Ондағы таста «Мен Әмір Темір, қасиетті Ұлытау жеріне келіп, Тоқтамысқа қарсы үлкен жорыққа шығып бара жатырмын» деп жазылған. Сол тас қазір Санкт-Петербургте Эрмитаж музейінде тұр. Ол бір залдан екінші залға өткен жерде ең көрікті жерінде тұр. Сол тасты Қазақстанға қайтару керек деп әрекет еттік. Бірақ, Ресей де Алтын орданың күйреуіне жеткен Әмір Темір екенін ұғынып, жәдігерді сақтап отыр. Ал тастың көшірмесі Ұлытауда тұр. Одан басқа да ашылатын деректер әлі көп, күш-жігерімізді соларға бағыттауымыз керек. деді А. Мұхамедиұлы «Ұлы Даланың жеті қыры: Сібір ұлысы және Тайбұға Қазақстан тарихында» атты ғылыми-практикалық конференцияда тілшілерге берген сұхбатында.
Музей басшысы Жошы хан кесенесінің қасында бірнеше үлкен кесенелер бар екенін атап өтті.
«Домбауыл – дүниежүзінде аты қалған Кетбұғаның әкесі. Кетбұға туралы деректер енді ашылып жатыр. Кетбұғаның сүйегі Израильде, Палестин жерінде қалғандықтан, оған бару өте қиын болды. Қазір Кетбұғаның есімі Иерусалимнің ең биік дәрежедегі билеушілерінің бірі ретінде тасқа қашалып жазылған. Ал оның әкесі Домбауыл Ұлытауда жатыр. Одан басқа да көптеген кесенелер зерттелмей жатыр. Осы кесенелерді ашу керек, оны насихаттау керек. Сол үшін бүгінгідей конференциялардың орны ерекше», - деді А. Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, елордада «Ұлы Даланың жеті қыры: Сібір ұлысы және Тайбұға Қазақстан тарихында» атты ғылыми-практикалық конференция басталды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлының айтуынша, Тайбұға – алғашқы Сібір хандарының бірі.
«Қайранбай мен Қутемір деген екі батыр, оның біреуі керей, біреуі қыпшақ, Тобыл өзенінің Ертіспен қосылатын жерінде қала салады. Оған Шыңғысхан рұқсат береді. Чинга-тура қаласы осылай салынып, мемлекет құрылады. Әрине, оны қазіргі мемлекеттілікпен салыстыру қиын. Ол кездегі мемлекет үшін – басшы, заң, тұрғындары мен территориясы болса жеткілікті еді. Соның алғашқы ханы – Тайбұға болды. Тайбұғалықтар 100 жылға жақын Сібірді билейді. Осы кезде Шибан әулетінен шыққандар Сібірдегі билікке таласады. Шибандықтардың ең құдіретті өкілі – Көшім хан. Көшім хан қазақ даласынан барған, орыстың авторлары, тіпті Левшиннің өзі Көшімді «из Казахской орды» деп жазады. Тақ таласы 300 жылға созылды. Ақырында «Екі қарға таласса, бір құзғынға жем болады» дегендей, екеуі де Москва патшалығының құрамына кірді. Ал енді Тайбұғаның ұрпақтары қазір қазақтың ішінде де бар, Сібір түркілерінің ішінде де бар, әсіресе Ресейде көп. Қазір Тайбұғаны да білетіндер аз, кеңес уақытында бұл тарих оқытылған жоқ. Тәуелсіздік алған соң да жекелеген тарихшылар зерттемесе, көңіл аударып жатқандар жоқ», - дейді А. Күзембайұлы.