2021 жылы 4 қарашада Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің халықаралық мәселелер жөніндегі ауыл шаруашылығы қызметінің басшысы Дэниел Уитлимен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар ауыл шаруашылығындағы екіжақты ынтымақтастық, инвестициялар, климаттың өзгеруі мәселелерін талқылады.
«Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы айтарлықтай жақсы қалыптасып келеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы саласындағы қарым-қатынастарымыздың кеңейіп жатқанына қуаныштымыз және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеуді жалғастыруға ниеттіміз. Айта кету керек, АӨК өнімдерінің тауар айналымы осы жылдың 8 айында 77,5 млн долларды құрады. АҚШ-қа Экспорт 86 есе артып, 1,9 млн долларды құрады, Қазақстан өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін одан әрі арттыруға дайын екенін атап өткім келеді. Қазақстанға импорттың 12,4%-ға төмендегенін атап өткен жөн, ол 75,5 млн долларды құрады», - деді Ербол Қарашөкеев.
Ведомство басшысы Дэниел Уитлиді Қазақстанның аграрлық секторын дамытудың басым бағыттары туралы хабардар етіп, нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің 1,3 есеге ұлғаюы және 2025 жылға қарай әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларына жергілікті қажеттіліктерді 100% қамтамасыз ету күтіліп отырғанын айтты.
«Американдық озық технологиялар мен бай тәжірибелерді енгізу өзара тиімді процесс болар еді. Осылайша, біз бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, кадрлар даярлау және экстеншн бойынша американдық технологиялар мен білім беру бағдарламаларының трансфертін ұсынамыз», - деді Ербол Қарашөкеев.
Климаттың өзгеруі мәселелерін талқылау кезінде министр алдағы 35 жылда әлемдік ауыл шаруашылық саласы әртүрлі қысым түрлерімен тап келетінін, соның ішінде әлем халқының өсуі, жер, су және энергетикалық ресурстар үшін бәсекелестіктің күшеюі және климаттың өзгеруінің экзистенциалды қатерінің теңдессіз үйлесіміне тап болатынын атап өтті.
«Сондықтан дамыған елдердің аграрлық саясаты азық-түлік секторын тұрақты дамыту тұжырымдамасына негізделеді. Тұрақтылық үш компоненттің теңгерімді дамуына негізделген - тұрақты өндіріс, тұрақты экология және тұрақты әлеуметтік компонент. Олардың бірін елемеу жүйенің тепе-теңдігін бұзады», - деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, ведомство басшысы ҚР Үкіметі 2030 жылға дейінгі АӨК дамыту тұжырымдамасы және 2025 жылға дейінгі АӨК дамытудың Ұлттық жобасы аясында ауыл шаруашылығындағы төмен көміртекті дамыту үшін негіз қалағанын айтып, министрліктің табысты әдістемелер мен АҚШ тәжірибесін пайдалануды қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар келіссөздер нәтижелеріне қанағаттанғандықтарын білдіріп, барлық аспектілер бойынша ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаласты, кездесу сындарлы және әріптестік диалог жағдайында өткенін атап өтті. Тараптар бұл сапар Қазақстан-Америка ынтымақтастығына қосымша серпін беретініне және ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды тиімді дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Сапар барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Дүниежүзілік Банктің басшылығымен, тұрақты даму жөніндегі вице-президенті Юрген Фегелемен, орнықты даму жөніндегі өңірлік директоры Стивен Шонбергермен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы жаһандық практика жөніндегі директоры Мартиен ван Ньюкуоппен кездесті.
Тараптар нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын тұрақты дамыту жөніндегі жобаны іске асыру бойынша алдағы қадамдарды талқылады. ҚР Үкіметі жоба шеңберінде 2021 жылдың соңына дейін Қарыз туралы келісімді ратификациялау бойынша барлық рәсімдерді аяқтауды жоспарлап отыр.
«Біз іскерлік ынтымақтастықты айтарлықтай кеңейтуге мүдделіміз және саланы дамыту саласындағы өзара іс-қимыл бойынша жаңа ұсыныстарды талқылауға дайынбыз. Дүниежүзілік банк сарапшылары болашақта планетаны тамақтандыратын ел ретінде Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әлеуетін жоғары бағалағанын атап өткім келеді. Біз бәріміз бірлескен және жемісті жұмысқа ұмтыламыз деп ойлаймын», - деді Ербол Қарашөкеев.
Кездесуді қорытындылай келе, ведомство басшысы Дүниежүзілік банкпен тығыз серіктестік Қазақстан экономикасының ауыл шаруашылығы секторында жақсы нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізетініне сенім білдірді.