Америкалық студенттер 280 долларға сатып алатын оқулықты қазақстандар тегін оқиды. Бұл туралы бүгін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген оқулықтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстыру барысында Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, басуға дайындау құны 500 мыңнан 3 миллион долларға дейін жетеді. Сондықтан да оқулықтардың бағасы әдетте өте жоғары. Мысалы, біз аударған профессор Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын америкалық студенттер 280 долларға сатып алады. Оның үстіне оқулықты өзге тілге аударып, басуға да авторлар қатаң бақылау жасайды», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, аталған жайтты ескере отырып аударма жұмысына еліміздегі іргелі оқу орындары, гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандарын кеңінен тартуға күш салынған. Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары шақырылып, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылған.
«Қазір бұл жұмысқа 200-ге тарта маман қатысуда. Сондай-ақ, ғылыми аудармасы жолға қойылған елдердің тәжірибесі мұқият зерттелді. Іргелі аударма технологиясының бірі дүниежүзінің 181 мыңнан аса аудармашысы қолданатын арнайы тұғырнама ұсылды», - деді Рауан Кенжеханұлы.
Айта кетейік, Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өтіп жатыр. Салтанатты шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда.
Жиында сөз сөйлеген Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың жалпы таралымы 47 миллионнан асатындығын айтты.