Бүгін «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында Алматы облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов азаматтарды қабылдады. Өңір басшысына өздерінің жеке мәселелерімен және түрлі әлеуметтік мәселелермен 12 азамат жүгінді.
Облыс әкімі Іле ауданының «Автомобилист» саяжай бірлестігінің тұрғыны көтерген бірнеше мәселені ерекше назарға алды. Соның ішінде көшені жарықтандыру, балаларды мектепке таситын автобустың тозғандығы, сол сияқты Алматы трассасына шығатын және кіретін тікелей жол салып беру жайы көтерілді. Амандық Баталов өзінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың жетекшілігімен арнайы жұмыс тобының аталған елді мекенге барып көріп, тұрғындар көтерген мәселелерді шешу туралы ұсыныстар дайындауын тапсырды.
- Өздеріңіз білесіздер, біз қазір Талдықорған қаласының маңындағы саяжайлар мен қала маңындағы аумақтарға көп көңіл бөліп келеміз. Жолдарын жөндеп жатырмыз, көшелеріне жарық орнатып, орталықтандырылған ауыз суға қосу мәселелерін шеше бастадық, тіпті газ тартып қойдық. Осылайша сіздер тұратын саяжайдың инфрақұрылымы мәселесін де бірте-бірте шешеміз. Бірінші кезекте саяжайлар мен шағын ауылдардан балаларды мектепке тасымалдау мәселесін шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, сатып алғалы отырған 70 жаңа автобустың біреуі сіз тұратын саяжайға бөлінетін болады, - деді облыс әкімі.
Сол сияқты Амандық Баталов Қарасай ауданынан келген, жетім балаларға үй беру туралы айтқан Индира Бекбатырова мен Руслана Воробьеваның да өтініштеріне жіті назар аударды.
Амандық Баталов жетім балалар белгіленген кезек ретіне сай тұрғын үймен қамтылуы тиіс екенін айтты. Мемлекет тарапынан салынып жатқан әрбір тұрғын үй пәтерлерінің 20 %-і жетім балаларға беріледі. Қарасай ауданының әкіміне осы мәселені назарға алуды, сол сияқты мал дәрігері мамандығына оқыған Руслана Воробьеваны жұмысқа орналастыру жағын қарастыруды тапсырды.
Бұл ретте И. Бекбатырованың тұрғын үй кезегіндегі кезек реті – 147, ал Р. Воробьева 102-ші болып тұрғанын айта кету керек. Жалпы қазіргі кезде Қарасай ауданында «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатында 700 адам кезекте тұр.
Тыл еңбеккері, «Алтын алқа» иегері Айнабала Әбзелбаева да баспана мәселесін көтерді. Қазіргі кезде көп балалы ана тұрғын үй кезегінде 238-ші болып тұр. Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, тұрғын үй салудың жоспарына сәйкес өтініш иесі биылғы жылы кезек реті бойынша көптен күткен баспанаға қол жеткізе алады.
Гүлсім Әбілмәжінова мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған үйін жекешелендіруге көмек сұрады. Азаматшаның сұрағына жауап берген облыс әкімі заң бойынша тұрғын үйді қалған құнын төлеу арқылы жекешелендіре алатынын түсіндірді.
Сонымен қатар Талдықорған қаласының көшесіне атау беру, Алматы көп салалы клиникалық ауруханасының лор дәрігерінің медициналық қызмет көрсету сапасына наразылық, сол сияқты сот дауларын шешуге заңдық көмек сұраған мәселелер де айтылды.
Әрбір сұраққа Амандық Баталов толыққанды жауап беріп, тыңғылықты түсіндірді. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың жұмысын қатаң сынға алды. Қабылдау қорытындысында аудан, қала әкімдеріне, тиісті басқармалардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.