01 қыр, 2019 сағат 17:03

Амандық Баталов: Мектепке баратын балалардың саны артып келе жатқаны қуантады

Бүгін Алматы облысында 50 мың оқушы мектеп табалдырығын аттап, күміс қоңырау сыңғырын естіді. Облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласындағы өткен жылы ашылған 1200 орындық №28 ІТ-мектеп-лицейдің педагогикалық ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтап, оныншы сынып оқушыларының мамандық таңдауға арналған сабағына қатысты.

-   Бүгін ерекше мереке – Білім күні. Біз бұл күнге әрқашан дайындықпен келеміз. Жаңа мектептер саламыз, күрделі жөндеу жүргіземіз, материалдық-техникалық базаны жаңалаймыз. Жыл сайын мектепке баратын балалардың саны артып келе жатқаны бізді қуантады. Биылғы жылдың өзінде осы мектепте 10 бірінші сынып қабылданған. Сондықтан барлық мәселелерді, соның ішінде үш ауысымда оқыту мәселесін де кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Барлығыңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын, оқуда табыс тілеймін, - деді балалардың алдында сөйлеген А. Баталов.

Салтанатты шарада мектеп директоры Гүлжанат Еспанова құттықтау тілегін білдірді. Сол сияқты бірінші сынып оқушылары да тақпақ айтып, ән салып, би билеп, өнерлерін көрсетті. Атап өтсек, аталған мектепке биылғы жылы 10 бірінші сынып, яғни 291 бала қабылданған.

Салтанатты жиыннан кейін қонақтар облыс әкімі А. Баталовпен бірге бірінші сыныптардың сынып сағатына қатысып, ІТ-сыныптың жұмысымен де танысты. Сонымен бірге Амандық Баталов оныншы сынып оқушыларымен жүздесіп, жасөспірімдердің мамандық таңдау, табысқа жету, өскелең ұрпақтың тәрбиесі туралы сұрақтарына жауап берді.

Балалармен әңгімесінде Амандық Баталов жетістікке жету мамандық таңдауға байланысты емес, мамандығыңа деген өз көзқарасыңа байланысты екенін атап өтті:

- Елімізде жасалып отырған жағдайлардың нәтижесінде сендердің жолдарың ашық, барлық мүмкіндік бар. Өздеріңді қызықтыратын қалаған мамандықты таңдай аласыңдар. Таңдаған мамандықта табысқа жету ең алдымен алған білімдеріңнің сапасы мен еңбекке деген көзқарастарыңа байланысты. Кез келген кәсіпке жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық керек, өз еліңді құрметтеп, жақсы көре білу қажет, сонда ғана табысқа жетудің кілтін таба аласыңдар. Қазір сендер су жаңа, керемет мектепте оқып жүрсіңдер, жалқауланбаңдар, зейінді, талапты болыңдар. Сендердің әрқайсыларың да өмірден өз орындарыңды табатындарыңа және сол жетістіктерге бәріміз бірге қуанатынымызға сенімдімін, - деді облыс әкімі.

Пайдалы кеңестері үшін рахмет айтып, оқушылар облыс басшысымен бірге естелік суретке түсті.

Атап өтсек, Білім күнінде үш ауысымда оқытатын мектептерді болдырмау мақсатында 5 мектеп іске қосылды, соның ішінде жапсаржай, 1800 орындық Қарасай, Іле, Талғар аудандарындағы мектептер бар. Жыл соңына дейін Көксу және Кербұлақ аудандарында 200 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Білім саласының 31 нысанына күрделі, 740 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі