Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаевамен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы талқыланып, қордың өңірлік филиалының жаңа басшысы таныстырылды.
Амандық Баталов қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің көлемі 3 трлн. теңгеге жеткенін айтты, мұндағы ШОБ-ның үлесі - 32%.
- «Даму» қоры шағын және орта бизнесті дамыту саласында облысқа зор қолдау танытып отыр. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Биылғы жылы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған «Жетісу» өңірлік бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыруға қажетті 500 млн. теңге бюджеттен бөлінетін болады, - деді А.Баталов.
Өз кезегінде Гаухар Бөрібаева қордың өңірлік филиалының жаңа директоры Тимур Икеевті таныстырып, қордың өңірде атқарған жұмысы туралы айтып берді, сол сияқты осы саладағы қол жеткен жетістіктеріне де тоқталды. Мәселен, ШОБ дамытуға берілетін шағын несиелер бойынша қарыз алушылар саны жағынан Алматы облысы республикада бірінші орында, яғни 13,5%. Облыста Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 54 жоба бойынша 633,7 млн. теңге сомасындағы несиеге, «Даму-Оптика» бағдарламасында 32 жоба бойынша 1 млрд. теңгеден астам сомадағы несиеге кепілдік берілген. Оған қоса «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде субсидиялау бағыты бойынша сомасы 3,7 млрд. теңге несиеге 14 жобаға қол қойылды, сол сияқты кепілдік ету желісі бойынша сомасы 181,3 млн. теңге болатын несиеге 3 жобаға кепілдік берілді.
Сол сияқты Г.Бөрібаева қор кеңселері Қарасай ауданының Қаскелең қаласында және Талғар ауданының Талғар қаласында ашылатынын айтты.
Кездесу соңында Амандық Баталов халықты жұмыспен қамту маңызды міндеттердің бірі екенін, бұл мәселені шешуді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп жұмыс атқарудың маңызы зор екеніне атап өтті.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында ШОБ субъектілерінің саны 122 мыңнан асты, олардан түскен салық 1,3 есеге өсіп, 113 млрд. теңгені құрады. Облыс кәсіпкерлеріне 11,8 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі 32%-ке жетті.