Коллаж: ulysmedia.kz
Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов неге шет мемлекеттермен қант саудасы бойынша аяқ асынан мәміле жасауға мәжбүр болғандарын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімет кулуарында тілшілердің сауалына жауап берген министр Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қант экспортына шектеу қою туралы шешімін тым кеш естігенін мәлім етті.
«Қантты зауыттар өндіреді. Олар қажетті шикізатты өз бетімен сатып алады. Ал ол нарық коньюктурасына байланысты. Қазір нарық былай қалыптасып отыр. Біз импортпен келетін қанттың шамамен 70 пайызын іргедегі Ресейден алып келдік. Өйткені ол Бразилиядан қант тасығанға қарағанда әлдеқайда арзанға түсетін. Шектеу бүгін (...) амал қалдырмағаннан кейін логистиканы өзгертуден басқа жол жоқ. Яғни бұл жерде ешқандай қате есеп болған жоқ», - деді Бақыт Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, ірі сауда желілерде қант бар. Ал кіші дүкендерде қант болмауы мүмкін.
“Өз өндірісімізді дамыту үшін фермерлік құрамында қанты бар өнімдердің шаруашылығын дамыту керек. Күрделі жұмыс. Ауыл шаруашылығы ол іспен айналысып жатыр”, – деді ол.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары вице-премьер Роман Склярға жолдаған депуаттық сауалында қант тапшылығын шешудің жолдарын ұсынған еді.