05 ақп, 2020 сағат 13:52

Алтын Орданың 750 жылдығы: Әулиекөл қалашығы қалпына келтіріледі

Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту аясында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институына қарасты танымал археолог Тимур Смағұлов жетекшілік ететін Margulan Centre Әулиекөл қалашығында кесенелерді қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов мәлім етті. - Жошы хан тұсында Алтын Орда дәуірінің негізгі орталығының бірі Ертіс өңірінде болды деген тұжырым бар, - дейді Ернұр Дәуенов. - Ол Әулиекөл жағасында орналасқан және сол жерде ерекше сақталған қаланың қалдықтары бар. Осыған байланысты мәдениет басқармасымен 20 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Сол қаланың негізгі бейнесін қалпына келтіруге тырысамыз. Нәтижесінде сол жерде әулие Исабек Ишанның кесенесімен бірге туристік орталық, киелі орын пайда болады деген ойдамыз. Бұл археологиялық қазба жұмыстар бұрын да жүргізілген, бірақ биыл ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде қаражаттың бөлінуімен ұйымдастырылады.

Ведомство басшысының айтуынша, Әулиекөл қалашығын қалпына келтіру бойынша қазба жұмыстары маусым айында басталып, тамыз айының соңына дейін жүргізіледі. Қыркүйекте қорытындысы шығарылып, қараша-қазан айларында халықаралық конференция өтеді. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетімен «Қазақстан тарихындағы «Улуг Улус (Алтын Орда)» видеодәріс дайындау, сондай-ақ «Ұлы дала мұрасы» жобасы аясында білім мекемелерінде музейлер ашу жоспарланып отыр.

Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге арналған облыстық жоспар бойынша қалалар мен аудандарда барлығы 100-ге жуық әртүрлі іс-шара өтеді. Оның ішінде көрмелер мен танымдық сағаттар, суреттер байқауы бар.

Айта кетерлігі, орта ғасырлық Әулиекөл қалашығы саяси-мәдени және әкімшілік-экономикалық орталық болған. Халық арасында бұл өңір Ақкөл-Жайылма деген атпен белгілі.