Фото: primeminister.kz
Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыны салу кезіндегі қателіктер туралы айтып, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылыстағы бақылау шараларын күшейтуді тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары барысында қаланы одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Ағымдағы ахуал, өнеркәсіп, көлік инфрақүрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, медицина жүйесі, білім беру және тағы басқа салаларды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жоспарлар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев баяндама жасады.
Премьер-Министр жалақының өсу қарқыны бойынша Алматы соңғы 10 жылда республикалық орташа деңгейден төмен болып келгенін, осыған байланысты бұл тенденцияны өзгерту керек екенін атап өтті.
«Алматылықтардың нақты ақшалай кірістерінің жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ету қажет. Бұл – кешенді жұмыс. Ең алдымен, жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартудың жоғары қарқынын сақтап қалуға көңіл бөлу керек», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру жұмыстары инфляцияны тежеу шараларын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті алып-сатарлардың әрекеті тек қалада ғана емес, бүкіл республика бойынша азық-түлік пен басқа да тауарлардың құнына әсер ететіндіктен, базарлардағы, оның ішінде «Алтын Ордадағы» баға белгілеуді жіті қадағалау қажет.
Премьер-Министр сонымен қатар бәсекелестікті дамыту үшін Алматы агломерациясының шығыс және солтүстік бөліктерінде қосымша сауда алаңдарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Үкімет басшысы инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқтала келіп, су құбырлары – 56%, кәріз – 57%, электр желілері – 60% тозығы жеткенін атап көрсетті. Оның айтуынша, мұны азайту үшін жыл сайын 100 км-ден астам су құбыры, 70 км-ден астам кәріз және 120 км-ге жуық электр желілерін қайта жаңарту қажет. Бұл ретте қалаға қосылған аумақтарда жаңа су көздерін салуды қамтамасыз ету қажет.
Әлихан Смайылов білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту мәселелерін де қозғады. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 37 мың оқушыға арналған 22 мектеп салу жоспарлануда, бұл мектептердегі орын жетіспеушілігін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімдікке салынып жатқан нысандардың уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету және Қаржы министрлігімен бюджеттен тыс қаржы көздерінен, сыбайлас жемқорлардан өндірілген қаражат есебінен қосымша оқу орындарын салуды пысықтау тапсырылды.
Смайылов медициналық жүйе бөлігінде қаланың амбулаториялық-емханалық ұйымдарына шамамен 2,2 млн адам бекітілгенін, бұл оларға елеулі жүктеме беретінін атап өтті. Осыған байланысты алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту Алматы агломерациясы үшін басым бағыттардың бірі болуға тиіс екенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігіне озық тәжірибені ескере отырып, 1 тоқсанда осы саладағы стандарттарды өзектендіру ісін аяқтауды тапсырды.
Премьер-Министр сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Түркия мен Сирияда болған табиғи апаттар біздің еліміз үшін, әсіресе Алматы үшін үлкен сабақ болуы тиіс.
Ол соңғы рет қаладағы нысандарды паспорттау 2017 және 2018 жылдары жүргізілгенін атап өтті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігі бірлесіп, қысқа мерзімде аудит жүргізіп, сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі пәрменді шараларды іске асыруы тиіс.
«Бұл мәселелерде әлемдік тәжірибені тек Алматыда ғана емес, еліміздің жер сілкінісіне ұшырауы ықтимал басқа да өңірлерінде пайдалану қажет. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұған дейін алынып тасталған жобалау, құрылыс және бақылау процестерін заңнамалық тұрғыда қатаңдату мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек», — деді Әлихан Смайылов.
Жалпы, Премьер-Министр шаһардағы қала құрылысы саясатын жақсарту қажеттігіне, бұл әсіресе Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын талқылау және келісу аясында өзекті екеніне назар аударды.
«Әкімдік қала құрылысы кезінде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жіберілген қателіктерді ескеруі керек. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтай отырып, құрылыс нысандарының биіктігі мен тығыздығына ерекше назар аудару қажет», — деді ол.
Соңында Үкімет басшысы қаланың экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі шараларды кешенді іске асырудың және Алматы агломерациясын дамыту жоспарын жедел пысықтаудың маңыздылығын атап көрсетті.