1 мамырдағы жағдай бойынша 111,4 мың отбасындағы 571,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 84,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен азаматтарға беріледі.
Сондай-ақ, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру аясында барлық өңірде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балалары кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі.
1 мамырдағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 144,6 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды, деді еңбек министрлігі.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында төтенше жағдай режиміне байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтарға төлемдер 2022 жылғы 1 тоқсанға автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте атаулы көмекке енді іліккендер Электронды үкімет порталы арқылы өтініш бере алады.