Тұтынушылар тарапынан келіп түсетін өтініштердің артуы ел арасында тұтынушылық мәдениеттің артқанын да көрсетеді. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамаға былтыр енгізілген түзетулердің арқасында ҚР Үкіметінің жанында ведомствоаралық кеңес құрылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік бақылау жүргізу функциялары берілді. Тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту нормалары енгізілді. Тұтынушылардың шағымдарын қараудың үш сатылы жүйесі құрылды», - деген министр, биыл 1 қаңтардан бастап «Е-tutynushy» ақпараттық жүйесі іске қосылғанын еске салды.
Оның айтуынша, жыл сайын Сауда және интеграция министрлігіне тұтынушылардан келіп түсетін өтініштердің саны артып келеді.
«Министрлік 2019 жылы 6 мыңға жуық өтінішті қараса, 2020 жылы өтініштер саны 21 мыңға жетті. Ал биыл 10 айдың көрсеткіші өткен жылдың көлемінен асып түсті.
Осы мәліметтер салада проблема бар екенін ғана емес, тұтынушылық мәдениетінің біртіндеп артып келе жатқанын да көрсетеді. Өтініштердің өсуінің ұқсас жағдайы өзге мемлекеттік органдар бойынша да байқалады. Мысалы, 2019 жылы мемлекеттік органдарға шамамен мемлекеттік органдарға шамамен 30 мың өтініш түссе, 2020 жылы 40 мың, ал биыл жарты жылда 26 мың өтініш қаралды», - деді Бақыт Сұлтанов.