Режиссер Светлана Берндл 1914-1920 жылдары Алтай асуларына жол салған австро-венгриялық тұтқындар жайында фильм түсіріпті. Деректі кино қалың көпшілікке Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада көрсетілді, деп жазады «Дидар» газеті.
Сонау Еуропадан асай-мүсейлерін арқалай келген түсіруші топ бұл фильмнің алғашқы картиналарын 2014 жылы дайындап әкеткен. Режиссер Светлана Берндлдің айтуынша, тұтқындар туралы деректер тым аз, тіпті мүлдем жоқтың қасы. Тау қопарып, тас қашағандардан қазір жәдігер болып Катонқарағай ауданы мен Марқакөлдің мәрмәр асуындағы жол ғана қалған.
-Тұтқындар туралы мәлімет өте сирек. Фильмді қолға алмас бұрын Ресейдің Омск, Барнаул қалаларындағы орталық мұрағаттарды ақтарып, біраз дүниелер таптым. Ал Австрияның астанасы Вена қаласында әскери архивте Алтайда болған әскери тұтқындар туралы құжаттар мүлдем тіркелмеген,-дейді режиссер.
Енді киноның барысына келейік. Марқакөлдің Ұранқай ауылындағы көнекөздер ауладағы орындықтарында отырып, әкелерінен естіген әңгімелерін баяндайды. Келесі бір кадрде Катонқарағайдың Шыңғыстай ауылындағы ақсақалдар өткен ғасырдың басын еске алады. Кейіпкерлердің қазақ және орыс тілінде айтқан әңгімелері неміс тіліне титрлар арқылы аударылған. 38 минуттық шығармада тұтқындардың бұл өлкеге қалай келіп, қалай өмір сүргендері, жол салудағы қиыншылықтары баяндалады.
1914-1916 жылдары жүргізілген құрылыста австриялық тұтқындардан басқа венгрлер, чехтар, поляктар мен словактар, тіпті түрік солдаттары да болған деген деректер бар. Бұл тұтқындарды кезінде Әбдікерім болыс патша үкіметінен беделін салып жүріп сұрап алған деседі. Қытайдың шекарасында тұрған стратегиялық маңызы зор жол, шаруашылықпен қатар әскери жылдамдық үшін де қажет болыпты. Осы құрылыс арқылы Катонқарағай мен Марқакөлдің арасындағы жол 500 шақырымнан 90 шақырымға дейін қысқарған.
Фильмнен түсінгеніміз, тұтқындар көктемде Ресейдің Омск қаласынан пароход арқылы Семейге жетіп, Ертісті өрлеп, Өскемен арқылы Зайсан көліне дейін келген. Оларға алдымен барақ салдырып, өз тамақтарыңды өздерің тауып жеңдер деген сыңайда картоп пен егін ектіреді. Тарихшылардың баяндауынша, тұтқындағы солдаттардың әр қимылын қалт жібермей бағып тұрған ешқандай күзет болмаған көрінеді. Олар жергілікті тұрғындармен араласып, қазақтардан жылы киім кешек, азық-түлік алып тұрыпты.
- Аш-жалаңаш алысқа айдалып барған бейшара солдаттардың Алтайдың аязынан, аштықтан аман қалуы да осы жергілікті тұрғындардың қамқорлығының арқасында,-дейді фильм барысында пікір білдіріп отыратын тарихшылар.
Кинода олардың еңбекқорлығы мен біліктіліктері баяндалады. Солдаттардың арасында Альпі тауларына жол салған инженер болыпты. Жолдың бүгінгі күнге дейін мығым тұрғаны және тау бедерлеріндегі қиялар мен жоталардың ыңғайлы, сәтті таңдалынуы да осы инженерлік дәлдіктің арқасында деген пікір бар. Оларға алдымен қыс бойы көпірлерге арналған 1000 текше метр қарағай дайындайсыңдар деген бұйрық беріледі. Жылдам бітірсеңдер, үйлеріңе қайтасыңдар деген уәдені үміт еткен олар бұл жоспарды жаңа жылға дейін орындап қойған. Көктемге қарай екіге бөлінген тұтқындар отряды Марқакөл жақтан және Катонқарағайдан бір-бірлеріне қарама қарсы жол құрылысын бастап кетеді. Ешқандай техникасыз, қайла мен күректің күшімен тау қопарып, тас қашаған жанкештілер халыққа бүгінгі күнге дейін қызмет көрсетіп тұрған жолды салып шығады. 1916 жылы австриялықтар салған асумен ат жегілген арбалар еркін жүре бастаған.
Тұтқындардың одан кейінгі тағдыры белгісіз. Кейбіреулер 1920 жылдары олар үйлеріне қайтып кеткен десе, енді біреулер олардың сүйектері Алтайдың қойнауында қалған дейді.
Дарын Нұрсапаров