11 жел, 2019 сағат 12:38

Алтай Көлгінов Жеңіл атлетика федерациясының президенті болып сайланды

Қазақстандағы Жеңіл атлетика федерациясының конференциясында Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қалалық Жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметіне сайланды, – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов Қазақстанда 7 жабық жеңіл атлетика манежінің құрылысы жоспарланғанын, оның бірі 2020 жылы ел астанасында ашылуы керектігін айтты. Астанада жеңіл атлетикамен тұрақты айналысатындар саны - 2 000 адам шамасында.

Елордалық спортшылар осы жылы 9 алтын, 12 күміс және 17 қола медаль иеленген. Астанада аталмыш спорт түрін дамыту мақсатында федерация «Наурыз Марафон», «Astana Marathon», «Адалдық алаңы» қайырымдылық жүгірісі», танымал жаттықтырушы Қ.Қ.Жуанышевты еске алуға арналған республикалық турнир, «October Run Fest-2019» күзгі жүгірісі және басқа да шараларды ұйымдастырған.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов федерацияның сенім білдіргеніне алғыс айтып, жеңіл атлетикаға, оның инфрақұрылымына тиісті көңіл бөлінетінін жеткізді.