Алматының шеткі аудандарын дамытуға 800 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында қалалық Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қайыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, «Алматы-2050» стратегиясы қаланың барлық өңірлерінің дамуын, тұрғындардың өмір сапасының артуын көздейді.
«Стратегия -қала дамуының бағыттарын айқындайтын құжат.
Бұл жоғары деңгейдегі сауалдарға жауап береді. Қалаға қанша автобус сатылып алынатыны, қанша шақырым жол салынатыны туралы сауалдар қойылады. Бұл төменгі деңгейдегі құжаттармен реттеледі. Стратегия - Алматының шет аудандарын дамытудың кешенді жоспары. Мұнда әр бес жылға жоспар құрылады. Мәселен, 2024 жылға дейінгі даму жоспары құрылып жатыр. Оған сәйкес қаланың шеткі аудандарын дамытуға 800 млрд теңге қарастырылған. Қаражат өте ауқымды», - деді Нұртас Қайыров.
Оның айтуынша, бұл ақша Алатау және Наурызбай ауданында инфрақұрылым желілерін жүргізуге жұмсалады.
Айта кету керек, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кеше қаланың 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын жариялаған болатын.
Құжатқа сәйкес, қала 30 жылда 7 бағыт бойынша дамитын болады.