27 там, 2019 сағат 09:35

Алматының Саин көшесіндегі жол қозғалысына өзгерістер енгізілді

Алматының Саин көшесіндегі жылдамдық режиміне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін сағат 00: 00-ден бастап әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолында  80 км/сағ жылдамдық  рұқсат етілді. Тек Бағанашыл ықшамауданындағы  Ходжанова көшесіне дейін және Кіші Желтоқсан көшесінде жоғары жылдамдық сағатына 60 шақырым сол күйінде қалды. Себебі, бұл учаскелерде қауіпті бұрылыстар көп.

«Біз Саин көшесінің бойындағы жол жағдайы мен апаттар деңгейіне қосымша талдаулар жүргіздік. Нәтижесінде осы көшеде рұқсат етілген жылдамдық шегі 80 шақырымға дейін ұлғайтылады.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің камералары техникалық қайта жөндеуден өткізіліп, жұмыс күнінің соңына дейін жол белгілері ауыстырылады», - дейді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.

Сонымен бірге, мегаполис полициясы жүргізушілер мен жүргіншілерге жол ережелерін сақтау және қала жолдарындағы қауіпсіздік шараларын ескеру  керектігін айтты.