Алматы қаласындағы Кеңсай зираты аумағында болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше Алматыдағы Кеңсай зираты аумағында өрт шықты. Қазіргі уақытта Медеу аудандық прокуратура қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 204-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр», - деді Самат Асаинов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Қалалық ТЖД басшысы орынбасарының айтуынша, өрт салдарынан адамдар зардап шеккен жоқ және материалдық шығын келмеген.
Сондай-ақ Алматыдағы өртке байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов түсінік берді.
«Алматыдағы өрттердің шығуына екі себеп қарастырылып отыр. Бірі – өрт абайсызда шығуы мүмкін немесе өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу. Екі жағдай бойынша төтенше жағдайлар және ішкі істер министрлігі қызметкерлері анықтау жұмысын жүргізеді. Егер кінәлі тұлғалар анықталса, олар жауапқа тартылады», - деді ТЖМ өкілі.