«Алматының ерекше мәртебесі туралы заңы» аясында жасыл желекті күтіп бағу ережелерін бекіту Алматы әкімдігінің құзырына берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, бұл өзгеріс қаладағы жасыл желек қорын сақтауға мүмкіндік бермек.
«Бұл ережелерге өтемақы ретінде отырғызылатын жасыл желектің сапасы мен көлемі, оны жаңарту, санитарлық кесу, бағып күту бойынша бірқатар нормалар кіргізіледі», - деді Мұхит Әзірбаев.
Жеке және мемлекеттік кәсіпорындар жасыл желек отырғызатын кезде құзырлы орган мамандарының ұсынысын ескеретін болады.
«Осы ережелер ағаштарды қайда отырғызу керектігіне байланысты. Қаланың қай өңіріне қылқанжапырақты, қай өңіріне басқа ағаштарды отырғызу керектігіне осы ережелерде бекітіп жазғымыз келеді. Қаланы баққа айналдыру үшін тәртіп керек. Жекелеген кәсіпорындар мен компаниялар да ойына келген ағашты отырғызбай белгілі бір тәптіппен отырғызу керек», - деді әкімнің орынбасары.
Одан бөлек жасыл экономика саласында жаңа технологияларды ынталандыру үшін шаралар қолданылмақ. Жаңа технологиялар ұсынған компанияларға су ресурстарын пайдаланғаны үшін, қоқысты шығарғаны үшін, атмосфераны сақтау үшін төленетін салыққа жеңілдік қарастырылады.
Айта кету керек, бүгін брифинг барысында Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заңнан қандай өзгерістер күтілетіні жайлы айтылды.