09 қаң, 2020 сағат 11:30

«Алматының ерекше мәртебесі туралы заң» қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

Алматы әкімдігінде «Алматының ерекше мәртебесі туралы заңнан» қандай өзгеріс күтуге болатыны жайлы айтылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында Үкіметке үш ірі қаланың әкімдіктерінің құзырын кеңейту туралы тапсырма берілген болатын. Атап айтқанда, оларға қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, сәулеттік келбетін өзгертуге құзырын кеңейту туралы айтылған. Жолдаудан соң ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен мемлекеттік органдар біріге отырып ҚР Үкіметіне ұсыныстар енгізілді. Осылайша 28 желтоқсанда Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойып, «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заң» қабылданды» деді Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.

Оның айтуынша, осы өзгерістермен қатар ҚР «Мемлекеттік жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға» бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл заңда Алматы әкімдігінің тарапынан 28 түрлі ұсыныс берілген. Заңға сәйкес Алматы әкімдігі заң шеңберінде берілген тәртіпте Алматының құрылысы мен бас жоспары бойынша қызмет жасайтын субьектілердің жұмысын үйлестіруге, Алматы маңайына жатқызылған территориялардағы қала құрылысы жұмыстарында кешенді кесте құру жұмыстарына араласатын болды.

Оның айтуынша, Үкіметке Алматы агломерациясының 2020 жылға дейінгі дамуы бойынша аймақаралық нақты жоспар берілді. Бұл құжатта аймақ тұрғындарын баспанамен, әлеуметтік қызметтермен, жаңа жұмыс орындарымен қамту көзделген.

«Тағы бір айта кетерлігі, әкімдік құзырына енді қала құрылысын жоспарлау мен сәулеттік келбетін құзырлы органдармен келісуді бекіту кіреді» деді әкімнің орынбасары.