Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасына жаңа басшы келді. Бұл қызметке бұрынғы басшының орынбасары болған Алмасхан Ахмеджанов тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алмасхан Ахмеджанов Алматы қаласында туған. Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасында 19 жылдан бері қызмет етіп келеді, еңбек жолын бас маман ретінде бастаған.
Соңғы 10 жыл бойы аталған басқарма басшысының орынбасары болды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясының түлегі, мамандығы бойынша «Инженер-құрылысшы».
Жаңадан тағайындалған бас сәулетшінің алдына бірқатар міндеттер қойылды.
Алмасхан Ахмеджанов «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында халықаралық тәжірибелер мен инновациялық технологияларды қолдана отырып жұмыс тиімділігін арттыру және жайлы әрі экологиялық таза қала кеңістігін қалыптастыруға міндеттелді.
Бұлардан өзге, құрылыс жобаларын жасауға барынша креативті архитекторлар мен жобалаушыларды тарту, қалада әлеуеті жоғары білімді әрі тәжірибелі кадрлар құрамын қалыптастыру қажет. Ол үшін «Алматы БАС ЖОСПАР» ҒЗИ базасында жас мамандарға қолдау көрсететін креативті идеялар Орталығы құрылатын болады.
Айта кетерлігі, мұның алдында Алматы әкімі Бауыржан Байбек келер жылдың басында қаланы дамытудың шеберлік жоспарының ашық жарияланатынын айтқан еді. Қаланың әрбір тұрғыны және бизнес өкілі жобамен танысып, өз ұсынысын айта алады.