Алматының барлық аудандары үш жылдық даму жоспарын жасауы керек, бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Kazakhstan Urban Conference - 2019 форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында қала басшысы Бақытжан Сағынтаев «Алматы-2025» даму бағдарламасының алдағы 5 жылға арналған нақты құжаты 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін дайын болуы керектігін атап өтті.
«Қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдау қажет. Себебі, бұл - мегаполисті дамытудың маңызды құжаттары, оларды 2020 жылдың 1 қазанынан кешіктірмей көпшілік талқысына ұсынуымыз керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, қаланың барлық 8 ауданы 2020 жылдың 1 наурызынан кешіктірмей үш жылдық даму жоспарын жасауы тиіс.
«Әр аудан кәсіби урбанистермен және жергілікті тұрғындармен келісе отырып, ауданның даму жоспарын құруы тиіс. Сондай-ақ, ол полиорталықтандыру қағидаттарына сәйкес болуы керек. Аудандардың бірегейлігі де назардан тыс қалмауы тиіс. Ең алдымен оның әлеуметтік инфрақұрылымының дамуын қадағалау қажет. Болашақта ауданның бас жоспары жүйелі түрде қаржыландырылады», - деді әкім.
Айта кетейік, Алматыда «Kazakhstan Urban Conference -2019» форумы өтіп жатыр.