06 қыр, 2019 сағат 16:44

Алматының «барахолкасындағы» өрт әуеден сөндіріліп жатыр

Базардағы өртті сөндіруге ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің авиациясы көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға орнында жеке құрамның 64 қызметкері, 20 техника мен «Алматы тазалық» кәсіпорнының суарушы және Жасыл экономика басқармасының 15 су тасымалдайтын көліктері тартылды. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның КА-32 және ПД 13 техникасы жұмылдырылды.

«Бұл өрттің «Мизам» базарына қатысы жоқ, базарлардың арасында көтерме сақтау қоймаларының жеке аумағы бар. Сол контейнерлер жанып жатыр. Қызыл жалынның қоймалардың оңтүстік жағына таралу қауіпі сақталып отыр. Сондықтан температура жоғары, әзірге өрт шарпыған ауданды анықтау мүмкін емес», - деп хабарлады ТЖМ.

Ал, жеке кәсіпкер Жанат Әлмағамбетовтің айтуынша, қоймаларда тез жанатын тауарлар бар.

«Мен жұмыс орныма жұма намаздан кейін, сағат 14:00-де келдім. Сол кезде «Мизам» базарының қоймасынан шыққан өртті көрдім. Көршілеріме көмектесу үшін әріптестеріме, балаларыма телефон соғып, осы қоймаларды босатып алдым. Мұнда негізінен дүнгендер жұмыс істейді. Оларға тауарларды шығаруға көмектестік. Біз тауарлардың аз ғана бөлігін шығарып алдық, себебі олар ауыр болды. Мұнда тез жанатын құрылыс материалдары, шиналар, сөмкелер бар. Өрттің шыққан себебін білмеймін. Бізге әлі хабарлаған жоқ», - деді кәсіпкерлердің бірі Жанат Әлмағамбетов.