Алматы әкімдігінде өткен мәслихат отырысында 2020-2022 жылдарға арналған қала бюджеті талқыланды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Алматы бюджеті 738 млрд теңге көлемінде бекітілді. Алдағы екі жылда қала бюджеті әлеуметтік салаларға бағдарланған болып қала береді. Әлеуметтік салаға шамамен, 280 млрд теңге, яғни 40% жұмсалады. Атап айтқанда, білім беру саласына - 172 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына - 77 млрд теңге, халықты әлеуметтік қорғауға – 26 млрд теңге, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға - 39,9 млрд теңге, қоғамдық көлікті дамыту саласына – 121,5 млрд теңге, төтенше жағдайлардың алдын алу мен қауіпсіздік саласына – 17,9 млрд теңге, цифрландыруға – 1,7 млрд теңге, кәсіпкерлік пен бизнесті дамытуға - 13,2 млрд теңге, қаланың 8 ауданының дамуына 1,4 млрд теңге жұмсалады», - деді қалалық Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қайыров.
Мәслихат депутаттары бюджет жобасын бірауыздан қолдады.
«Бюджет жобасын қарау кезінде қалалық мәслихат депутаттарының және профильді комиссиялардың талқылауы болды. Бұл жиындарда көбінесе әлеуметтік мәселелер көтерілді. Қаржыны оңтайландыру нәтижесінде барлық даулы мәселе шешімін тапты. Әсіресе жол инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық көлік, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау салаларына бөлінді. «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын жүзеге асыру міндеттерін ескердік. «Шекарасыз қала» бағдарламасы аясында тұрғындарды ауызсумен, көгілдір отынмен, көшені жарықтандыру, әлеуметтік нысандар құрылысы, аулаларды абаттандыру мәселелеріне басымдық берілген. Жалпы алғанда қала бюджеті жобасы биыл да әлеуметтік салаларға маңыз беріп отыр», - деді мәслихаттың Экономика және бюджет бойынша комиссиясының төрағасы Сергей Козлов.