05 қыр, 2019 сағат 13:18

Алматылықтардың өтініші аяқсыз қалса, бірінші басшы жауапты болады – Сағынтаев

Бүгін Алматыда Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен қала активінің отырыс өтті. Жиында мемлекеттің қойған міндетін жедел жүзеге асыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз еститін мемлекет тұжырымдамасы бойынша міндеттерді жүзеге асыруды бастадық. Барлық басқармалардың басшылары мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде аккаунт ашты. Бұл аккаунттар арқылы алматылықтар билікпен тікелей байланыса алады», - деді Б.Сағынтаев.

Бұдан бөлек аудан әкімдіктерінде және басқармаларда халықтың сұрауымен ашық есік күндері өткізіліп тұрады.

«Адамдарға жауап керек. Оларға себебін түсіндіру керек. Әрбір түскен шағымды, өтінішті назардан тыс қалдырса, жетекшілер тікелей жауап беретін болады. Кадрлық шешімдер де тұрғындарының пікірімен қабылданатын болады», - деді әкім.

Мұның алдында да әкім Наурызбай ауданының халқымен кездесу кезінде кез-келген актіге халықтың мақұлдауынсыз қол қойылмайтынын айтқан болатын.

«Егер жол, арық жасалса, тұрғындармен келісіп бақылау орнату керек. Көше тұрғындарының көңілі толмаса, қабылдау- тапсыру актісіне қол қойылмайды. Кісілер сапасы дұрыс десе ғана қол қоямыз», - деді әкім.