Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада карантиннің енгізілуіне байланысты барлық мекемелерді қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Карантин режимі қаладағы қайнаған тіршіліктің жаңа ережелер бойынша жүзеге асырылатынын білдіреді. Бүгін қала құрылымы басшыларына еңбек ұжымдарының 70 пайызын қашықтан жұмыс жасауға көшіруді тапсырдым. Меншік формасына қарамастан кез келген кәсіпорын басшысына осындай ұсыныс айтамын. Карантин қолайсыз екені рас. Бірақ бұл мәжбүрліктен туындайды», - деді ол.
Әкімнің айтуынша, карантин қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін енгізіліп отыр.
«Төтенше жағдай кезінде барлығымыз бірігуіміз тиіс. Бұл жағдайда әр азаматтың тәртібі мен ой санасы өте маңызды. Мұндай қиындықтан бізді тек бірлігіміз бен бір-бірімізге қолдауымыз, тәртіптілігіміз ғана алып шықпақ. Біз қиындықты жеңеміз!», - деді шаһар басшысы.
Айта кету керек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин режимі 19 наурызда түнгі сағат 00:00-де енгізіледі.
Азаматтар мен автокөліктердің қалаға кіріп-шығуын шектеу үшін 27 бекет орнатылады.