05 қаң, 2023 сағат 14:31

Алматы тұрғындары «Тағзым» мемориалына гүл шоқтарын қойды

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматылықтар қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды еске алып, «Тағзым» мемориалының стелласына гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімге қала басшысы, қоғам қайраткерлері және т.б. азаматтар қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" шаһар әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дін қызметкерлері марқұмдардың рухына құран бағыштап, бейбітшілік пен келісімнің маңызы туралы уағыз айтты.  Сондай-ақ, бүгін қала мешіттерінде құрбандық шалынып жатыр. Жиналғандарға асқа бару үшін көлік дайындалған.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды еске алу үшін орталық мешітте құран бағыштап, құрбан шалған болатын.

Мешітке келгендердің арасында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының төрағасы Ақан Бижанов, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек, спортшы Ардақ Назаров және т.б. бар.