27 ақп, 2020 сағат 12:35

Алматылықтар мекенжайға онлайн тіркеле бастады

Алматылықтар мекенжай бойынша тұрақты тіркеуге тұру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының онлайн баламасы – egov.kz таңдай бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматыда мекенжай тіркеуіне онлайн түрде тұрушылар саны артты. Жыл басынан бері – бұл қызметті алу үшін 39462 адам фронт-офистерге жүгінсе, 20873 азамат ешқайда бармай-ақ онлайн түрде жүзеге асырған.

«Былтырғы көрсеткіштерді есепке алатын болсақ, Алматы қаласындағы «Азаматтарға арналған үкіметтің фронт-офистері арқылы 216196 адам, онлайн түрде 43967 адам тіркеу рәсімін жүзеге асырған. Республика бойынша 1,5 млн адам фронт-офистер арқылы, онлайн түрде 479 мың адам тіркеу рәсімін жүзеге асырған, сәйкесінше әр төртінші азамат тұрғылықты тіркеу рәсімін электронды түрде жүргізген. Бұл тізімде Алматы қаласы 7-орында, 13,49% пайызды құрап отыр», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Алматы қаласы бойынша филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

Оның айтуынша, 2019 жылдың маусымынан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтерін пилоттық режімде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері жүзеге асырады.

«Пилоттық жоба алматылықтарға бірқатар артықшылықтар берді. Атап айтар болсақ, фронт-офистердің жұмыс кестесіне сәйкес азаматтарды тіркеу бойынша қызмет көрсету, яғни түскі үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін, көші-қон полициясының деректер базасында тіркеуге мүмкіндігі бар қызметкерлер санын арттыру, тіркеу бойынша қызметке кезекті қысқарту сияқты үдерістерді қолға алудың арқасы», – деп атап өтті Жаңыл Әпетова.

Бүгінде мекенжай тіркеуін жасату үшін тіркеуге қоюшы және тіркелуші тараптың ЭЦҚ-сы болуы тиіс. Азамат egov.kz-ке тіркелетін мекенжай мен жеке мәліметтерін жазса, баспана иесі оған рұқсатты жеке кабинетіне келген сұрауды мақұлдау арқылы береді.