Алматылықтар медициналық сақтандыру қорына 50 млрд теңге аударды.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, өткен жылдың соңына дейін медициналық сақтандыру қорына 246 млрд теңге жинақталған.
«Алматы қаласы жарналардың көлемі жағынан республика бойынша көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 50 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 47,9 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары», - дейді филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 5851 адам 20,6 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген.
Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлем елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды.
БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2651 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.