Желіде соңғы күндері гүл саудасы қызу жүрген орындардың қоқыс үйіндісіне айналғаны түсірілген видео тарады. Бейнежазба Instagram-дағы almaty_kris_p парақшасында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"8 наурыздан кейін. "Домиллион" СО маңы. Олар барлық гүлдерін сатты да қоқыстарын тазаламай кетіп қалды. Олардың қоқыстарын кім тазартады? Бұл не сұмдық?"- делінген видеоның сипаттамасында.
Желі қолданушылары да гүл сатушылар қалдырған қоқысқа наразы болды.
Саин көшесіндегі уақытша саудаға қатысты жағдайға Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі пікір білдірді.
"Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы стихиялық сауда орындарын болдырмау мақсатында 2023 жылғы 6,7 және 8 наурызда Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу кезеңінде уақытша сауда орындарын бекітті. Сонымен қатар, 9 наурызда Уақытша сауда орындарына санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді, аталған ескертулер жойылды. Өз тарапымыздан тұрғындарды қоқыс тастамауға және қаламызды таза ұстауға шақырамыз", - деп хабарлады Алатау ауданының әкімдігі.