17 қар, 2022 сағат 10:35

Алматылықтар көше бойында жайылып жүрген жылқыларға шағымданды


Әл-Фараби даңғылындағы Тұңғыш Президент саябағы аумағында жайылып жүрген бір үйір жылқы алматылықтарды ашуландырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Наурызбай ауданында орналасқан "Хан-Тенгри" тұрғын үй кешенінің тұрғындары жағдайға назар аударуды сұрайды. Қала тұрғындарының айтуынша, жылқылар онда күн сайын жүреді.

"Қарғалы ықшамауданында аттар күн сайын жүреді: "Хан Тенгри" тұрғын үй кешенінен президенттік саябаққа дейін. Неге бұлай? Мегаполисте, қала маңында емес, қаланың халық тығыз орналасқан бөлігінде. Оған қоса, бұл маңда мектептер де орналасқан. Апаттық жағдай туғызады. Бұл басқаларға қауіп төндіреді. Шұғыл шара қолдану керек", - деді "Хан Тенгри" тұрғындарының бірі.

Жергілікті тұрғындар полицейлер мал иесімен сөйлескенін айтады. Алайда алматылықтар нәтиже көрмей отыр.

Қалалық Полиция департаменті жылқылардың иесі бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын растады. Ол бұл жолы да жазадан құтылмаған.

"Осы факт бойынша жануарлардың иесі ӘҚБтК-нің 505-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Наурызбай ауданының полиция басқармасы бұдан былай бұған жол бермеу туралы әңгіме жүргізді", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.