Қараша айының соңына дейін Алматыда жұмыс істейтін жастарға 249 жалдамалы пәтер беріледі. Бұл туралы Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматыда жұмыс істейтін жастардан өтініштер мен құжаттарды қабылдау үшін қалалық әкімдік almaty-jastary.kz арнайы сайт әзірлеген болатын. Онда 30 қазаннан 12 қарашаға дейін өтініштер қабылданды. Жалдамалы баспана бағдарламасы аясында Алатау ауданындағы «Көкқайнар» ықшамауданынан бір бөлмелі 249 пәтер беріледі.
Сайт арқылы электрондық форматта 1244 өтініш қабылданды.
«Басқарма 10 күн ішінде ұпайларға сәйкес санақ жүргізеді. Жалдамалы пәтер берілетін жастардың тізімі бекітіледі. Бұл тізімге ұпайларды есептеу кезінде өтініш берушінің кәсібі, отбасылық жағдайы, жеке кәсіпкерлік қызметі, бюджеттік қызметтерде жұмыс істеуі, шоттарының жинақтары ескеріледі. Балдары тең жағдайда өтінішті бірінші тапсырған жастарға басымдық беріледі. Осыдан кейін сайтта үміткерлердің толық тізімі жарияланады. Алғашқы 249 пәтерді қарашаның соңында беруді жоспарлап отырмыз», - деді Айбек Сайделдаев
Сонымен қатар, ол жұмыс істейтін жастарға жалдамалы баспана 5 жылға берілетінін еске салды. Осы кезеңнен кейін пәтер босатылуы керек.
«Ережеге сәйкес, жас адамның тұрақты жұмыс орны болуы керек. Себебі, біз жастарға өз тұрғын үйін сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік береміз»,- деді спикер.
Оның айтуынша, бір бөлмелі пәтерді жалға алушылар айына 5 мың теңгеден төлейді, коммуналдық қызметтерге бөлек төлейді.
«Жалпы, біз Алматыда жыл соңына дейін 1050 пәтердің кілтін табыстауды жоспаралап отырмыз», - деді ол.