Ауласындағы қоқысты өртемек болған зейнеткер байқаусызда өз үйін, көлігін және көршісінің гаражын отқа орады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Төтенше жағдай 14 тамыз күні орын алған.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне Шухов көшесіндегі №2 Ж үйінің отқа оранғаны туралы хабарлама 14 тамыз күні сағат 14:30-да түсті. Өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына бірнеше минутта келіп жетті. Сағат 15:03 өрт оқшауланып, сағат 15:24-те толықтай сөндірілді.
«Өрт 100 шаршы метр аумақты шарпыған.Үйдің шатыры, аулада тұрған «Тойота» автокөлігі және көршінің гаражы өртенген. Тағы бір көрші үйдің қасбеті мен шатырына да от тиген. Зардап шеккендер жоқ»,- деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Үй иесінің кінәсі дәлелденсе, әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Қазір осы оқиға бойынша мамандар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.