19 сәу, 2023 сағат 17:18

Алматылық таксист шетел азаматын әуежайдан қонақүйге 45 мың теңгеге апарған

Сурет: examen.ru

Көлік полицейлері шетелдік азаматты Алматы әуежайынан қонақүйге дейін 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"18 сәуірде Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Lufthansa әуекомпаниясының “Франкфурт – Алматы” бағытындағы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматы шағымданды. Ол өзін әуежайдан қонақүйге қасақана жоғары бағамен, яғни 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұраған.  

Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының 45 жастағы тұрғынын, жеке такси жүргізушісін анықтады. Ер адам германиялық азаматқа қоғамдық орындарда тиісіп, арбап, оған такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін жоғары төлем алған. Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді.

Құқықбұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды" - делінген хабарламада.

Германиялық азамат көлік полицейлеріне жоғары кәсібилік танытқандары және қаражатын кері қайтарып алуға үлес қосқандары үшін алғысын айтқан.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 15 970 азамат жауапқа тартылған. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 880 азамат анықталған. Оның 243-і – заңсыз такси жүргізушілері.