22 шіл, 2019 сағат 15:21

Алматылық полицейлердің планшетінде адам түрін танитын функция пайда болмақ


Алматылық полиция қызметкерлерінің жұмысы планшеттегі жаңа функцияның көмегімен жеңілдей түспек.

Жаңа бастама полиция қызметкерлерінің жылдам әрі оңтайлы жұмыс жасауына септігін тигізбек. Планшеттегі бет-әлепетті тану функциясы арқылы қылмыстық істерді және қылмыскерлерді іздестіру жылдам жүзеге асырылатын болады.  

Алдағы уақытта бет-әлпетті тану функциясы жол-патрульдік полиция планшеттерінде және Алматы қаласының аудандық инспекторларының планшетінде орнатылады.

«Қазіргі таңда полицейлердің планшетіне бет-бейнені тану функциясын орнату жұмысы жүзеге асырылуда. Оның негізігі қызметі – адам бейнесін нақтылы уақыт режимінде анықтау және жылдам сұрыптаудан өткізу. Сондай-ақ жұмыс барысында кез-келген қылмысқа қатысы бар, іздеуде жүрген адамдарды және белгісіз мәйіттерді тануда мұрағаттағы бейне жазбалар қорына жылдам сұрыптау жасалады», - дейді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұл жаңашылдық қылмыстық істерді анықтауда және түрлі құқықтық оперцияларды жылдам жүзеге асыруда зор ықпал жасайды. Сонымен қатар тұлғалардың қандайда бір заң бұзушылық оқиғасына қатысты ақпаратты іздестіру кезіндегі уақыт шығынын азайтады.

Планшет арқылы учаскелік инспекторлар Ішкі істер министрлігінің орталықтандырылған ақпараттық базасына кіріп, қажетті ақпаратқа сұраныс жасай алады.

Айта кетсек, еліміз бойынша әр учаскелік инспекторды жеке планшетпен қамтамасыз ету көзделген болатын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңге.

Еске сала кетсек, мұндай жүйе қауіпсіздікті қадағалау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы «ақылды» үйлерде орнатылған. Face Recognition (түр-әлпетті тану) технологиясының көмегі арқылы үйге кіруге болады. Аталған жүйе үйге кіруге арналған карточка мен кілт, магнит, смартфон сияқты заттарды талап етпейді. Камера үй иесінің бет-әлпеттін жылдам тануға тырысып, оны базадан нақты тапқан кезде есік автоматты түрде ашылады.