20 мау, 2022 сағат 14:10

Алматылық оқушылар бейнеүндеу жариялап, мектептегі былықты әшкереледі


Алматыдағы № 189 орта мектептің оқушылары желіде бейнеүндеу жариялап, өз білім ордаларының ғимараты жеке компанияға жалға берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бейнеундеуде оқушылар Бостандық ауданы, «Нұр Алатау» ықшамауданындағы №189 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп ғимаратының бір бөлігі жалға берілгенін айтып, ата-аналар мен өз қатарластарын мұндай шешімге қарсы шығуға шақырған.

Алайда Алматы қалалық білім басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

«Аталған білім мекемесін жалға беру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Әлеуметтік желіде тараған бейнеүндеуге қатысты мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп жауап берді қалалық білім басқармасынан.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, Алматы құрылыс басқармасы мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін және сейсмикалық тұрғыда күшейту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылға жоспарланған.