Алматы қаласының әкімдігінде экономиканың аса зардап шеккен секторларын қолдаудың қосымша шаралары туралы айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен 2021 жылдың соңына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі Кешенді жоспарға толықтырулар енгізілді. Негізгі толықтырулардың арасында – шағын және орта бизнес субъектілерін айтарлықтай қолдауды көздейтін шаралар бар.
Алматы қаласының әкімдігі ұзақ уақыт ішінде орталық мемлекеттік органдармен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қойылған шектеу іс-шараларының шеңберінде бизнес субъектілеріне қолдау шараларын көрсету бойынша келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер жүргізу қорытындысы бойынша экономика саласында зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі 346 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне (ЭҚЖЖ) дейін кеңейтілді. Осылайша, аталған экономикалық қызмет түрлеріне жататын бизнес субъектілері несиелері бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыруға үміт арта алады.
Тәртіп кәсіпкерлік мақсаттар үшін кіші, шағын және орта бизнес, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің өкілдеріне 2021 жылғы 1 сәуірге дейін берілген банктік қарыздар мен кіші несиелер бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыруды көздейді.
Төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі қарыз алушының өзінің таңдауы бойынша 30 күннен 90 күнге дейінгі мерзімді құрайды. Төлемдерді кейінге қалдыру үшін қарыз алушылар өз банкіне немесе микроқаржылық ұйымға 2021 жылғы 30 маусымға дейінгі мерзімде өтініш жасауы тиіс. Бұдан бұрын енгізілген салалардан (өңдеу өнеркәсібі, ақпарат, көлік, қоймалау) басқа экономиканың зардап шеккен салаларының тізбесіне көркемөнер, ойын-сауық және демалыс, көтерме және бөлшек сауда, өмір сүру және тамақтану бойынша қызметтер ұсыну, сондай-ақ бірқатар басқа да бағыттар кіреді.
Бұдан басқа, 2021 жылғы 30 маусымға дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін мемлекеттік және мемлекеттік сыңайлы ұйымдардың меншік иелерінің жылжымайтын мүлік нысандары бойынша олардың жалға алу төлемдерін есептеу кідіртілетін болады.
Алматыда 2020 жылы карантин режімі кезеңінде шағын және орта бизнестің 75 мың субъектісі сомасы 23,5 млрд теңгені құрайтын салық жеңілдіктерін пайдаланғанын естеріңізге саламыз.
Несиелер бойынша сомасы 127,3 млрд теңгені құрайтын 360 мың қарыз қаражаттарының төлемдері, оның ішінде, шағын және орта кәсіпкерліктің сомасы 72 млрд теңгені құрайтын 2889 қарыз қаражаттарының төлемдері (16 наурыздан 15 маусымды қоса алғанда, сомасы 40 млрд теңгені құрайтын 1588 қарыз қаражаттарының төлемдері; 16 маусымнан 24 тамызды қоса алғанда, сомасы 32 млрд теңгені құрайтын 1301 қарыз қаражаттарының төлемдері) кейінге қалдырылды. Сомасы 376 млн теңгені құрайтын тұрғын жайды жалға алу төлемінен 1,1 мың кәсіпкер босатылды.