Ұлы Отан соғысының майдангері Шинкарев Иван Афанасьевич бүкіл соғысты бастан өткерді, 17 жасында әскерге шақырылды, пулеметші болды, Балтық елдерінде соғысып, үш рет жарақат алып, елге оралды.
Иван Афанасьевич 98 жасқа толар алдында инсульт алып, бас миының тромбозынан туындаған церебральды инфаркт диагнозымен Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының неврологиялық бөлімшесіне шұғыл түрде жатқызылды.
«Таңғы ас кезінде қолынан кесесін түсіріп алғанда, ардагердің немерелері оның жағдайының нашарлағанын түсінді, содан кейін ол сөйлей алмады. Жақындары оны шұғыл түрде №4 қалалық клиникалық аурухананың неврологиялық қабылдау бөліміне жеткізді. Мұнда оны невропатолог, терапевт және реаниматолог мамандар бірлесіп тексерді. Қабылдау бөлімінде біз бас ми томографиясын жасап, науқасты мамандандырылған бөлімшеге жатқызуды ұйғардық. Оның түскен кездегі жалпы жағдайы жүрек және церебральды жеткіліксіздікке байланысты ауыр деп бағаланды», - дейді неврология бөлімшесінің меңгерушісі Динара Мұханғалиева.
Дәрігерлер консервативті емдеу туралы шешім қабылдады, өйткені науқаста көптеген қатар жүретін созылмалы патология болды және кез келген хирургиялық араласудың ардагер үшін қаупі жоғары болды. Күн сайын мамандар майдангердің денсаулық жағдайы мен негізгі көрсеткіштеріне клиникалық, зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізді. Науқасты күнделікті терапевт, невропатолог және кардиолог дәрігерлер қарап тұрды.
Төртінші қалалық аурухананың емдеуші дәрігері, невропатолог Жәңгір Әбдиев атап өткендей, ЭКГ, бас миға КТ, эхокардиография, аяқ-қол тамырларына УДЗ, кеуде қуысы мүшелеріне КТ көрсеткіштері үнемі бақылауда болды.
Емдеу нәтижесінде Иван Афанасьевичтің жағдайы тұрақталып, сауыға бастады, ал 10 күннен кейін 98 жасқа толған күні ардагер ауруханадан шығарылды.
«Біз тамақта ас тұзын шектеуді ұсындық - бұл инсульт пен инфаркт қаупін 19-20%-ға төмендетеді. Калий мен магнийге бай жеміс пен көкөністі көбірек жеуді ұсындық. Тағамға теңіз өнімдерін енгізген дұрыс. Жануар майларын тұтынуды азайтқан жөн. Науқас қан қысымын, қандағы қантты үнемі бақылауды қажет етеді және учаскелік дәрігер ұсынған дәрі-дәрмекті күнделікті қабылдауды ұмытпауы керек. Жеке таңдалған дәрі-дәрмекті үнемі қолдану инсульт қаупін тағы 40%-ға төмендетеді», - деп атап өтті емдеуші дәрігер, №4 қалалық клиникалық аурухананың невропатологы, Жәңгір Әбдиев.
Иван Афанасьевичті үйде үлкен отбасы - 2 баласы, 4 немересі және 8 шөбересі күтеді.