07 сәу, 2022 сағат 19:20

Алматылық әйел баласының сау көзіне операция жасады деп дәрігерлерді айыптады


Алматылық келіншек баласының оң көзіне жасалуы тиіс отаны сол көзіне жасады деп дәрігерлерді айыптады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы қазақстандық блогер Айдын Тоқсанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. 

«Баламмен бірге Манас, 40 мекенжайында орналасқан «Балалар шұғыл медициналық орталығына» квота арқылы көзіне операция жасату үшін жаттым. Оның оң көзінде киста болған. Ол кейін түсіп қалды. Дәрігерлер түбінде тамыры қалып кетті, соны алу керек деді. Квотамен келіп отырмыз. Кеше түннен бастап ештеңе жегізбей, ішкізбей, таңертең баланы алып кетті. Енді оң көзіне жасалуы керек болғаны отаны сол көзіне жасап әкеліп тұр», – дейді Айдын Тоқсанбаева. 

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 4 жастағы пациент жоспарлы түрде балалар шұғыл медициналық орталығының офтальмология бөліміне жатқызылған. 

«Операция бөлмесінде наркоз салынып, оң жақ қабағына тексеріс жүргізілген. Онда өздігінен түскен халязионның орны болған, хирургиялық араласуды қажет етпеді. Хаттамаға сәйкес, сол жақ қабағын тексеріп, кіші көлемдегі халязион анықталды. Жасалған анестезияны ескере келе халязионды алып тастау туралы шешім қабылданды. Солай жасалды», – деп түсіндірді басқармадан. 

Қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты. Ем қабылдау офтальмология бөлімі жағдайында жалғасады.