Кейінгі бірнеше аптада мегаполисте қант бағасы шарықтап кетті. Ал, кейбір дүкендер мен базарларда қант мүлдем жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен азық-түлікті көтерме сауда базарынан алам. Соның ішінде қант та бар. Демалыс күні базардан құмшекерді әрең таптым. Бағасы шарықтап кеткен. Бір келі қант – 800 теңге. Амал жоқ 25 келісін 20 мың теңгеге сатып алдық», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Зина Мұсаева.
Алматының тағы бір тұрғыны Нұргүл Қанатова үй жанындағы дүкендерде қант мүлдем жоқ екенін айтады.
«Үйге жақын бірнеше дүкенге бардым. Қант жоқ. Сатушылар қазір қалада қант тапшы екенін, дүкендеріне әлі жеткізілмегенін айтты. Сондықтан, шақпақ қант сатып алдым. Оның да бағасы көтеріліпті – 675 теңге», - дейді Нұргүл Қанатова.
Ал, Алматы әкімдігінің мәліметінше, қантқа деген сұранысты өтеу мақсатында кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өнімді жеткізу көлемін арттырған.
«Бұған дейін күніне 250 тоннаға жуық қант жеткізілетін. Ірі сауда желілеріндегі көтерме баға – 420-445 теңге. Бүгінде Алматы күніне 300-500 тонна қант алады. Меркі, Көксу, Тараз қант зауыттарының өнімдері ірі сауда желілеріне, базарларға және В, С класты дүкендерге жөнелтіледі. Логистикаға байланысты қоймаларға айына 5 мың тоннаға жуық қант жеткізілсе, қала тұрғындарының қажеттілігі 3 300 тонна болып отыр», - деп жауап берді Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы ҚазАқпарат жолдаған сауалға.