Фото: t.me/pressmfakz
Алматы әуежайына Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар мінген бесінші рейс қонды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
15 наурызда сағат 14:53-те Алматы әуежайына қарулы қақтығыс басталған Украина аумағында болған Қазақстан азаматтары мінген бесінші рейс қонды. Ұшақ Польшаның Катовице қаласынан Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңғы сағат 8:53-те ұшып шыққан.
Air Astana әуекомпаниясының мәліметінше, ұшақта 89 жолаушы болған. Оның ішінде: 56 Қазақстан азаматы, 32 Украина азаматы және бір Польша азаматы.
Фото: ©Әлихан Сариев, Tengrinews.kz
Еске салайық, 28 ақпанда Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар отырған алғашқы рейс Алматыға қонған болатын. Ұшақта 175 қазақстандық болды, оның ішінде алты бала бар.
1 наурызда екінші ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласына 120 қазақстандық, оның ішінде төрт бала ұшып келді.
4 наурызда елордаға Қазақстан азаматтары мінген үшінші ұшақ қонды. Бортта 131 жолаушы, оның ішінде 20 бала болды. Осы рейспен Қырғызстанның екі азаматы ұшып келді.
10 наурызда Нұр-Сұлтан қаласына Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар мінген төртінші рейс келді. Оның бортында 155 жолаушы, оның ішінде жеті сәби болған.